Биыл Қостанай облысында 197 мемлекеттік грант беріледі
Биыл Қостанай облысында жеке ісін ашуға және бизнесін дамытуға мүдделі адамдарға 197 мемлекеттік грант беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Қоғамның осал топтарына арналған қайтарымсыз қаржыға үміт артатындар аз емес. Бірақ бәрінің бірдей бизнес жобалары талапқа сай келе бермейді. Ал өтеусіз ақшаны былтыр иеленгендер кәсібін игеріп әкете алды ма?
Мағауия Қалиев, тілші:
- Көпбалалы Екатерина Савенок – әуесқой тігінші. Автокөлік орындығының қаптамасын, аяқ төсенішін тігуді меңгеріп алған. Білген-түйгенін кәсіби деңгейде іске асыру үшін жеке цех ашуға бел буды. Комиссия оның бизнес жобасын қолдап, былтыр мемлекеттік грант алды.
Екатерина Савенок, кәсіпкер:
- Былтыр маған 1 млн 400 мың теңге көлемінде грант берілді. Оған екі кәсіби тігін машинасын сатып алдым. Әрқайсысы шамамен 600-800 мың теңге аралығында. Шынымен қазір талап пен ниет болса, қай шаруаны да дөңгелетіп алып кетуге мүмкіндік бар.
Екатерина іскерлігінің арқасында қысқа мерзімде өз кәсібін қалыптастырып үлгерді. Қарамағанда екі адам жұмыс істейді. Әлі де автотігін цехын кеңейтпек ойы бар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылардың айтуынша, берілген демеуқаржының басым бөлігі технологиялық құрал-жабдықтар, қажетті керек-жарақтар алуға жұмсалған. Сонымен қатар грант иегерлерінің 95%-і бастаған ісін жалғастырып жатыр.
Анар Салпенова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
- Грантқа тапсырыс өте көп. Бірақ біз бәрін қабылдай алмаймыз. Бізде жоспар бар. Сол жоспарға қатысты гранттарды береміз. 2024 жылы мансап орталықтарына 300-дей өтініш қабылданған. Бірақ комиссия мүшелерімен 199 грант берілді.
Биыл Қостанай облысына жаңа бизнес бастап, оны дамытуға ниетті адамдарға 197 мемлекеттік грант бөлініп отыр. Оған сәуір, мамыр айларында тапсырыс беруге болады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг