Сүт зауытында Орталық Азиядағы ең үлкен сауын каруселі іске қосылды
Енді Ақмола облысының фермерлері бұрынғыдан бір жарым есе көп сүт өндіреді, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде сүт өнімдерін шығаратын бес кәсіпорынның өндірістік қуаты күшейді. Бүгін олардың бірінде Орталық Азиядағы ең үлкен сауын каруселі іске қосылды. Алдағы уақытта олар елорданың сүт өнімдеріне деген қажеттілікті жартылай жабуды жоспарлап отыр. Бұған дейін бұл көрсеткіш 30%-ті құраған.
Автоматтандырылған жүйе небәрі бес сағат ішінде екі мың сиырды саууға қауқарлы. Қондырғымен бір ауысымда 12 адам жұмыс істейді. Бұл технология ірі қараның денсаулығын және сүт сапасын қадағалауға мүмкіндік береді. Арнайы орнатылған датчиктер олардың жем-шөбі мен цехтағы температураға дейін бақылайды.
Иван Сауэр, агрофирманың бас директоры:
- Бұл агрофирмадағы сүттің жалпы өндірісін жылына 40 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Әрине, мұнда жануарларға барынша қолайлы жағдай жасалған. Қызметкерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Оған қоса, еңбек өнімділігі де бір жарым есе артады. Бұл сауын каруселі заман талабына сай жабдықталған.
Сала мамандары атап өткендей, кешеннің іске қосылуы – Мемлекет басшысының өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ке дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам.
Мұрат Балпан, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:
- Жалпы сүтпен, етпен 30% қамтамасыз етіп жатырмыз. Ендігі өткен жылы 15 млрд теңге 7 сүт фермаларын ашуға беріп отырмыз. Осы 2025 жылы 20 млрд теңге бөлініп отыр.
Биыл өңірде жеңілдетілген несие есебінен 1200 басқа тағы екі сүт фермасын іске қосып, осы арқылы өндірісті жылына 130 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Әмір Хайдаров, Нұрғали Мамурбаев