БҚО-да су тасқынынан қорғайтын бөгеттер салынып бітпеген
Көктем қыр астында тұрса да, Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар басқармасы әлі мұз жарғыш бригадалармен келісім жасамаған, деп хабарлайды 24KZ. Тасқынға тосқын болар бөгеттердің құрылысы да толық аяқталмапты. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте тасқынның алдын алу шаралары пысықталып, жұмысына салғырт қараған бірнеше аудан әкімі сөгіс алды.
Биыл өңірде қыс жұмсақ. -20 градустан асқан аяз да, ат құлағы көрінбес ақтүтек борандар да бола қойған жоқ. Оңтүстік аудандарда қар тіпті жоқтың қасы. «Қазгидрометтің» ақпаратына сенсек, күзгі топырақтың ылғалдануы нормадан 65%-ке төмен. Дегенмен болжам бойынша ақпан айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан 22 мм-ге көп болмақ. Мамандар: «Биыл да су тасқыны қайталануы ықтимал», – дейді.
Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры:
- Солтүстік аудандарда қар жамылғысы биіктігі 4-15 см аралығында. Бұл нормадағы көрсеткіштерден төмен. Енді алдағы ақпан, наурыз айындағы жауын-шашынды ескере отырып, облыс аумағында су тасу қаупі бар деп айтуға болады. Жоғары жақта Ирикла су қоймасына келсек толтырылуы 82%. Ол өткен жылғы көрсеткіштер төңірегінде. Алайда төмен жаққа су тастау көрсеткіші 60 м3 құрап отыр.
Жылда бұл уақытта Жайықпен келетін судың көлемі секундына 15 текше метрден аспайтын. Су деңгейі жоғары болғасын қазір Жайық-Көшім жүйесіндегі Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймаларын босатып, көктемгі тасқынға қарсы қам жасап жатыр.
Ербол Төлеуғалиев, «Қазсушар» РМК БҚОФ Жаңақала учаскесінің басшысы:
- Қазір мында Пятимар су қоймасынан 5 кубтай су түсіп жатыр. Жоғарыдан Дөңгелектен 6 кубтай су түсіп жатыр. Бір куб айырмашылық. Қазір 77%-те тұрмыз. Биыл суды тоқтатқанымыз жоқ. Көп жылдан бері кеуіп қалған көлдер, мына төменгі жақта Бірқазан, Қазыбай көлдеріне су кетіп жатыр қазір. Мына жағы Жалтыркөл, Өтеген, Қандыкөл деген көлдер бар. Солар тола бастады.
Бүгінде облыс бойынша 186 су басу қаупі бар елді мекен есепке алынған. Осы ауылдарда 3,9 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 107 шақырым болатын 53 қорғаныс бөгеті салынған. 9 км су бұру каналдары, 93 шақырым арықтар қазылған. Былтыр бұзылған 8 су қоймасы қалпына келтіріліп, өзендер бойына 7 жаңа гидробекет жасақталған. Дегенмен мамандарды алаңдататын жайттар да аз емес. 230 млн теңге көлемінде қаржы бөлінсе де, Төтенше жағдайлар департаменті әлі мұз жарғыштар бригадасымен келісімге отырмаған. Кейбір бөгеттердің әлі құрылысы аяқталмаған.
Бақытжан Нарымбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылының су бұру каналын тереңдету және ұлғайту, сонымен қатар қорғаныс бөгетін нығайту мен биіктетуді орындамады. Орал қаласында өзен жағалауында тұрғызылып жатқан бөгеттер жұмысы өте баяу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, гараждар кооперативі мен жас натуралистер бекетінде жұмыс әлі басталмады. Тасқала ауданында инженерлік жұмыстар дұрыс жоспарланбаған. Табиғи ресурстар басқармасы әлі күнге дейін Володар ауылында қорғаныс бөгеті бойынша жұмыстарды аяқтамады.
Былтырғы су тасқынын «Қазгидромет» мамандары соңғы 80 жылда кездеспеген табиғи апат деп таныпты. «Биыл да өңірімізге тасқыннан шығын келмес үшін әзірлік жұмыстарын ширату қажет», – дейді мамандар.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.