Жарнамаға сенген 2500 адам жалған инвестициялық қорларға ақша аударған
Елде алаяқтар жасанды интеллект арқылы салымшыларды сан соқтырып кетіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Олар танымал адамдардың видеоларын нейрожүйемен бұрмалап, түрлі жалған қаржы құрылымдарын жарнамалайды. Былтырдың өзінде 2500-ден астам адам заңсыз инвестициялық қорларға қаражат аударып жіберген.
Түрлі мессенджерлердегі аудиожазбаларыңыз алаяқтар үшін негізгі құралға айналуы мүмкін. Яғни даусыңызды пайдаланады. Ал бейнеңізді келтіру үшін әлеуметтік желідегі сурет немесе видео жеткілікті. Олар осылай жасанды интеллект арқылы цифрлық портрет құрастырады.
Қанат Есіркепов, жасанды интеллект саласының сарапшысы:
- Сонымен аватар жасай береді. Ол 5-10 минуттық жұмыс. Сұхбатта, мысалы, әртүрлі ойлар айтады. Сол сұхбаттың бас жағын қиып, орта жағы мен арт жағын қиып, оның даусымен манипуляциялар жасауға болады. Яғни ол айтпаған сөздерді айтқызып жіберуге болады.
Қанат Есіркеповтың өзі де дәл осындай қитұрқы әрекеттің құрбаны болған. Айтуынша, оның бейнесін әлдекімдер инвестициялық қордың жарнамасына пайдаланыпты.
Қанат Есіркепов, жасанды интеллект саласының сарапшысы:
- Мен пәтер алдым деп сөйлеп жатырмын анда. Бір футболкамен отырған фотом. Нейрожүйемен аватарды жасайды. Мен ол жерде орысша сөйлеп жатырмын. Сол салада сәл хабары бар адам болса, негізі біледі аватар екенін. Шара қолдану, шын мәнінде, мүмкін емес. Өйткені әртүрлі «фишинговый» сайттармен кіреді.
Алаяқтар дайын бейнематериалдарды сайттар мен қосымшаларға таргеттік жарнама арқылы таратады. Желі қолданушылары үшін видеоның жалған немесе шынайы екенін ажырату қиынға соғып тұр. ІІМ министрлігінің ресми мәліметінше, былтыр 2500-ден астам адам осындай жарнамаларға сеніп, заңсыз инвестициялық қорларға ақша аударған.
Аслан Өскембаев, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Нұрлан Сабуровты көрсетіп отыр, өзге де біздің атақты азаматтарымыздың сөздерін ауыстырып, ЖИ арқылы жарнама жариялап отыр. Видеодағы адамның мимикасына мән беруін сұраймыз. ЖИ қаншалықты дамымасын, байқалады мимикасы. Біз 56 дропты ұйымдастырушыларын қылмыстық жауапкершілікке тартып, 1200-ден астам дроппердің 1,3 млрд теңгесін азаматтар Азаматтық кодекске сәйкес өндіріп алды.
Сонымен қатар алаяқтар цифрлық бетперде мен бейнебайланыс арқылы қарызға ақша немесе дербес деректер сұрауға көшкен. Полицейлер экрандағы бейненің ым-ишарасына, даусы мен ерін қозғалысының сәйкестігіне көз жеткізуді ескертіп отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев.