Қызметі жоғарылаған құқық қорғаушылар детектормен сыналады
Енді құқық қорғау органдары қызметкерлері қандай да бір лауазымға тағайындалар алдында детектор құралының көмегімен тексерістен өтуі мүмкін.
Бас прокуратура қаулыға осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Бастама ақпанның 14-іне дейін қоғамның талқысына салынады. Осы тұста заңгерлер мен тұрғындардың пікірін тілшіміз сұрап білді.
Елде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін басшылыққа тағайындар алдында детектор құрылғысымен тексеру ұсынылды. Құжат «ашық заңды тұлғалар» порталында жарияланған.
Детектормен жүргізілетін тестілеу нәтижесінде қызметкерлердің тыйым салынған ұйымдар және қылмыстық топтармен байланысы, есірткіге, алкогольге немесе басқа да тәуелділігі, суицидке бейімділігі, табысын, мүлкін және қос азаматтығын жасыру фактілері, сыбайлас жемқорлық пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану секілді жасырын тәуекелдері анықталмақ.
Сергей Уткин, заңгер:
- Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін детектор құрылғысымен тексеру бастамасын толық қолдаймын. Меніңше, бұл ғылыми негізі бар әдіс және полиграфологтардың өзі бұл құрылғы нәтижесі 90 пайызға шындыққа жанасады дейді. Бұл жерде тексерісті жүргізетін полиграфологтардың әділдігі маңызды рөл атқарады. Дегенмен тексеру барысында құрылғының көрсеткен нәтьижелері бейнеге түсіріліп, барынша ашық өтетін процесс.
Мұндай сауалнаманың тиімділігіне халық та сенім білдірді. Азаматтардың ойынша сала қызметкерлеріне арналған тексерістің бұл түрі артық етпейді.
БЛИЦ
- Жақсы әсерге қол жеткізетін шығар, өйткені көптеген адамдар түскісі келеді, бірақ олардың 4/1 бөлігі кері ниетте болуы мүмкін.
- Әділдік әр адамның өзінің ішінде болуы керек.
- Егер оны тексермейтін болса, бәрібір ол шындығын айтпайды ғой, жасырып отырады адам
- Олар өздеріне анықтама берер кезде өтірік айтуы мүмкін. Бұл керек деп те ойлаймын.
Құқық қорғау, азаматтық қорғау органдарына, мемлекеттік фельдъегерлік қызметке қабылданатын азаматтардың полиграфиялық зерттеу қорытындысы бір жыл қолданылады. Ал жоғары тұрған басшы лауазымдарға ұсыну кезінде өткізілетін тексерістің қорытындысы үш жыл күшінде болады. Қаулы жобасы порталда 14 ақпанға дейін талқыланбақ.
Мөлдір Молдағали