SWAT Challenge 2025: қазақстандық жауынгерлер көш бастап келеді

SWAT Challenge 2025. Әлем бойынша жиналған арнайы жасақтар арасында жылда өткізілетін турнирде қазақстандық жауынгерлер көш басында келеді.

Ел намысын 12 команда қорғап жатыр. Бүгін сайыстың 4-күні.

- Әмірліктерде ел намысын қай күш құрылымдардың жауынгерлері қорғап жатыр?

- Бұл байрақты бәсеке Біріккен Араб Әмірліктерінде ақпанның 1-і күні басталған болатын. Биыл жарыста Қазақстан намысын Ішкі істер, қорғаныс министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұланның арнайы жасақтары қорғап жатыр. 

Арнайы жасақтардың олимпиадасына баланған бұл жарыс Дубай төрінде алғаш рет 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Оған 49 команда қатысты. Осыдан 6 жыл бұрын байрақты бәсекеде ел намысын Ұлттық ұланның сарбаздары қорғап, 13-орыннан көрінген.

SWAT Challenge

2019 жыл

49 команда

Ұлттық Ұлан – 13 орын

SWAT Challenge. Арнайы жасақтардың олимпиадасы

БАӘ, Дубай

Кейін 3 жыл қатарынан Қазақстанның арнайы жасақтары бұл жарыстан қалыс қалып жүрді. Алғаш рет қазақ сарбаздары жеңіс тұғырына 2024 жылғы сайыста көтерілді. Былтыр ел намысын «Сардар», «Сұңқар», «Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі» және «Бүркіт» жасақтары қорғады. 5 күнге жалғасқан жарыстың қорытындысы бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің «Сардар» командасы үшінші орыннан көрінді.

Биыл 6 құрлықтың 46 мемлекетінен 105 команда Дубай төрінде әлемнің үздік деген арнайы жасағын анықтап жатыр. Байрақты бәйгеге Қазақстан 12 команда қосты. Олардың тізімі мынадай: Мемлекеттік күзет қызметінен «Сардар-А» және «Сардар-Б», Ішкі істер министрлігінен «Сұңқар», «Арлан», «Ұлттық ұлан», «Бүркіт-А», «Бүркіт-Б» және алғаш рет қыздардан құралған «Томирис» командасы. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл жарысқа «Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі» және Астана мен Ақтау қалаларындағы бөлімшелерін жіберген. Тағы ел намысын биыл алғаш рет Қарулы күштеріміздің «Арнайы операциялар күштері» қорғап жатыр.

SWAT Challenge 2025

46 мемлекет

105 команда

Қазақстан - 12 команда

ҚР МКҚ                          ҚР ІІМ                                     

Сардар-А                        Сұңқар                  

Сардар-Б                         Арлан                                   

                                                           Ұлттық ұлан

                                                           Бүркіт-А

            Бүркіт-Б

           Томирис

ҚР ҰҚК

Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі

Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі (Астана)

Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі (Ақтау)

ҚР ҚК

«ЖАУБАСАР» Арнайы операциялар күштері   

SWAT Challenge. Арнайы жасақтардың олимпиадасы

БАӘ, Дубай

Қазақстандық сарбаздар жарыстың бірінші күні-ақ жеңіс тұғырынан көрінді. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» командасы барлық тапсырманы 1 минут 34 секундта орындап рекорд орнатты. Ал екінші күні Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі мен «Сардар-А» жасақтары атой салды. Қазақстандық қос команда бірінші және екінші орындарға жайғасты. Сайыстың үшінші күні жаралы сарбазды құтқару кезеңінде тапсырманы «Сұңқар» жасағы жылдам орындап, тағы да жеңіске жетті. Бұл тапсырмада Арнаулы мақсаттағы «А» қызметі қола медаль еншіледі. 

 

БАӘ, ДУБАЙ

Аңсаған Балтабеков, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның бас қолбасшысы:

Бұл жетістіктің бәрі дайындықтың арқасында. Әрбірі өз бабында. Шынығып, тынығып осы сайысқа 6 ай бойы дайындалған. Соның арқасы.  

Бүгін жарыстың 4-күні өтіп жатыр. Бұл кезеңде сарбаздар нысаналарға дәл атып, мұнарадан тез арада түсіп, мәреге жетулері керек. Бұл кезеңнің нақты қорытындылары әлі жарияланған жоқ. Себебі дәл қазір сайыс жалғасып жатыр. Әзірге жалпыкомандалық есепте Қытайлық «Полиция-Б» командасы көш бастап тұр. Олардың еншісінде 309 ұпай бар. Кейін 304 ұпаймен «Сұңқар» жасағы жайғасты. Ал үшінші орынға жақын тұрған Ұлттық ұлан жігіттері 280 ұпаймен әзірге төртінші сатыда.

SWAT Challenge-2025

3 күннің қорытындысы

  1. Қытай «Полиция-Б» - 309 ұпай
  2. Сұңқар – 304 ұпай
  3. Қытай «Полиция-С» - 284 ұпай
  4. Ұлттық ұлан – 280 ұпай

Шешуші кезең дүбірлі доданың соңғы күні болады. Онда сарбаздар қару қолданбайды. Таза физикалық даярлықты талап ететін кезеңде жауынгерлер арнайы кедергілер жолағынан өтеді. Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленген командаға 80 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық табысталатындығын да айта кету керек.

Ал жалпы жүлде қоры 260 мың долларды құрайды.