Алтай қаласында шаһарды күл-қоқыстан тазарту мәселесі шешілмей келеді

Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында соңғы бірнеше жыл бойы шаһарды күл-қоқыстан тазарту мәселесі түбегейлі шешілмей келеді.

Осы салада жұмыс істейтін мердігер компаниялар бірінен соң бірі шығынға батып, банкротқа ұшырады. Былтыр жазда жағдай ушығып 4 ай бойы қаланы қоқыс басып қалған еді. Жергілікті билік бұл шаруамен айналысатын мердігерді табу үшін бірнеше рет конкурс жариялады. Бірақ ниет білдірген мекеме табылмады. Ақыры 300 шақырым жердегі Шемонаиха ауданынан жауапты мекеме табылып, жұмыс енді жүйелене түсті.

Соңғы жылдары Алтай қаласын күл-қоқыс басып, шаруаның шатқаяқтап кеткенін жергілікті жұрт жақсы біледі. Былтыр тіпті айлап төгілмеген қоқыс контейнерлері ернеуінен асып,  шаһар ішін жағымсыз иіс жайлаған кез де болды.Қоғам белсендісі Зинаида Натарованың айтуынша, қатты қалдықтардан тазалаймыз деп келген талай компания шығынға ұшырап, кейін жауапкершіліктен жалтарған.

Зинаида Натарова, қала тұрғыны:

- Үй ауласындағы қоқыс айлап жатқан кез болды. Өйткені техника жетіспеді,ал жұмыс шаш етектен еді.Мен ол кезді жақсы білем,өйткені өзім де сол саламен байланысты қызметте болдым. Қоқыс уақтылы шығарылмаған соң тұрғындар да ақы төлеуден бас тартты. Ал қазір көзіміз ашылды деуге болады. Әйтеуір жауапты компания келіп, міндеттеріне кірісті. Енді бұрынғыдай болмаса екен деймін.

Коммуналдық саладағы келеңсіздікке куә болғандардың бірі Әлия Мерекенова. 20 жыл бойы қала тазалығы үшін еңбектеніп келе жатқан ол соңғы жылдары тозған техника мен ескі контейнерлер салдарынан жұмыс өнбеді, дейді.

Әлия Мерекенова, жұмысшы:

- Қоқыс таситын көліктер де,жинайтын контейнерлер де әбден ескірген еді. Бір жағынан тиеп жатсаң,кінші жағынан қайта төгіліп әбден қажытып жіберді. Өзім қаланың тап-таза болып тұрғанын жақсы көремін.

Бұл іске бел шешіп кірісер мердігер компания табу қиын болды. Әкімдік бірнеше рет конкурс жариялағанымен оған ешкім қатыспаған. Әбден сасқан билік өкілдері осы аралықта жекеменшік мекемелердің арнайы техникасын жалға алып, амалдап та көрді. Дегенмен ақыры Алтайды қатты қалдықтан тазалайтын мекеме сонау 300 шақырым жердегі Шемонаихадан табылды.

Игорь Оконешников, Алтай  қаласының  әкімі:

- Мердігер компанияның жұмысты үйіріп кетуі үшін қолдау көрсетеміз. Сенімді басқару шартымен 2 дана қоқыс таситын көлік алып бердік. Бөлек ауданнан келсе де қазір жап-жақсы істеп жатыр. Тек енді қызмет көрсету ақысы уақытылы төленсе болғаны. Тұрғындардың 50 проценті әлі келісім-шартқа отырмаған. Бірақ сонда да қоқыстарын шығарып жүр. Адам басына шаққанда 500 теңге төлеу соншалықты ауыр емес дер едім.

Төлем уақытылы түспесе жаңа компанияның жұмысы да ұзаққа созылмауы әбден мүмкін.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Күл-қоқысты тазалау мәселесі осылай оң шешім тапқанмен, енді оған байлынысты тағы бір маңызды сұрақ бар. Алтайдағы қоқыс полигонын үлкейту керек. Өйткені ол алаңқайдың ашылғанына 55  жылдан асты. Мамандардың айтуынша, полигонның аумағын кеңейіп, қайта жаңарту үшін шамамен 500 миллион теңге қажет.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов