БҚО-дағы Тасқала ауданы тасқынға әзірлікті күшейтті
Батыс Қазақстан облысында су басуы ықтимал 186 елді мекен болса, соның 128-інде қорғаныс бөгеттері мен су бұру арықтары салынып, алдын алу шаралары атқарылған, деп хабарлайды 24KZ. Бірақ 58 елді мекенге әлі де қауіп бар. Соның бірі – Тасқала ауылы. Елді мекен ішімен ағатын Деркөл өзені көктем сайын тасып, жағасындағы жұртты жылда әбігерге салады. Өңір басшысы Нариман Төреғалиев кеше ауданға арнайы барып, көктемге әзірлікті тағы да пысықтады.
Тасқала ауданында 28 елді мекен болса, соның 5-інде, атап айтқанда, Тасқала, Бірлік, Шежін-2, Атамекен, Мереке ауылдарында су тасу қаупі бар. Қауіпті аймақта 1227 адам тұрады. Қазір ауданда 23 уақытша паналау орны әзірленген.
Талғат Шакиров, Тасқала ауданының әкімі:
- Ең басты мәселе болып отырған Тасқала ауылы. Мына жерде Деркөл өзені Тасқала өзі сәл төменде тұрғасын су қақ ортасымен өтіп отыр. Ең қауіпті осы.
Деркөл өзенінің жылда тасуын мамандар арнасы тайыздап кеткенімен түсіндіреді. Сол себепті өзеннің 7 шақырымына санация жүргізу, яғни арнасын тереңдету жоспарланған. Қазір жоба-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіпті. Құрылыс жұмыстарының құны 624 млн теңге. «Ал биылша мұз жару жұмыстарына мән береміз», – дейді мамандар.
Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚОФ директоры:
- Деркөл, Шежін-1, Шежін-2 өзендерінің бассейндерінде қардың орташа биіктігі 7-11 см құрап отыр. Ол нормамен салыстырғанда бір жарым есе төмен. Қардағы ылғал қоры да көпжылдық нормадан төмен болып отыр. Алайда ақпан-наурыз айларында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары түседі деген болжам бар.
Орал өңіріндегі өткен жылғы су тасқынын мамандар соңғы 80 жылда болмаған табиғи апат деп таныған еді. Содан бері бір жыл ішінде облыста су басу қаупі бар ауылдарда жалпы ұзындығы 107 шақырым 53 қорғаныс бөгеті салынған, 93 шақырым арық қазылып, 7 магистральді канал тазаланған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.