Павлодар облысында «Жабайы аңдарға қамқорлық» акциясы басталды

Павлодар облысында табиғат жанашырлары жабайы аңдарды қамқорлыққа алды, деп хабарлайды 24KZ. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жарияланған шараға кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Олар орман шаруашылықтарын жүгері, бидай және күнбағыс қалдықтарымен қамтамасыз етті. Бүгінгі күні өңірде 350-ге тарта жемшөп салатын орын дайындалды.

Орманшы Қанат Бағжанов қарамағындағы учаскелерді күн сайын шолып шығады. Науаларды шөп пен тұзға толтырады. Қар қалың түскенде дала жануарлары өздігінен қорек таба алмай қалады. «Ал «Жануарларға қамқорлық» акциясы дер кезінде жарияланды», – дейді ол. Құнарлы жем-азық жабайы аңдардың қыстан қысылмай шығуына сеп болады.

Қанат Бағжанов, орманшы:

- Ақпан айы – жануарлар үшін күрделі кезең. Қар өте көп. Көктемге қарай жабайы аңдарға қосымша қорек қажет. Демеушілер астық қалдықтарын әкеліп жатыр. Осында өмір сүретін елік, бұлан, қояндарға жақсы болды.

Орман шаруашылығы мамандарының айтуынша, Павлодар облысында жабайы жануарлар жылдан жылға көбейіп келеді. Оның ішінде қызыл кітапқа енген жануарлар саны 1,7%-ке артыпты. Еліктердің саны 500-ден асқан. Аңдардан қоян, түлкі, құндыз, борсық, қабан кездеседі. Құстардан құр мен кекілік көп екен. Былтыр аңшылық шаруашылығы табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп, 332 рейд өткізді. Броконьерлік әрекеттер тыйылған. «Жабайы аңдарға қамқорлық» акциясына бірінші болып қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны көмек қолын созды. Акцияның алғашқы күні үш тонна аралас жем қалаға жақын маңдағы алаңға жеткізілді.

Дмитрий Демченко, кәсіпкер:

- Бұл акция ақпанның 3-нен басталды. Біз жабайы аңдарға қамқорлық көрсетуге дайынбыз. Әкелген жем-азық оларға ұнайды деп ойлаймын және акция жалғасын табатынына сенімдімін. Тұрақты түрде қолдау білдіреміз.

Жалпы Павлодар облысы бойынша 349 жем салатын орын дайындалған. Орманшылардың айтуынша, дала жануарлары арнайы жасалған алаңдарға ымырт түсе келе бастайды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошкарбаев, Марат Игіліков.