Құтқарушыларға тұрғын үй жәрдемақысы берілуі мүмкін

Құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері үшін жәрдемақы берілуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Мәжіліс мінберінде төтенше жағдайлар саласының түйінді түйткілдері талқыланып, әлеуметтік қолдау мәселесі қаузалды. Ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов төтеншеліктердің тұрмысын түзеу мақсатында заң жобасына бірнеше өзгерту енгізуді ұсынды. Жаңа құжат жауапкершілігі жоғары, антына адал қызметкерлердің тұрмысын жақсарта ма?

Елімізде жалдамалы пәтерлерде жан бағып жүрген мыңдаған құтқарушы бар. Қазір оларға ешқандай жәрдемақы төленбейді. Дегенмен бүгінгі күннің батырларының базынасы алда шешілетін сыңайлы. Жауаптылар ол үшін әлеуметтік жәрдемақылардың қатарын көбейтуге ниетті. Мәселен, жаңа құжатқа сай қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің жол жүру шығындары өтеледі. Құтқарушылар қоныс аударса да басшылық қаржылай қарайласады. Сол секілді көтерме және тұрғын үй жәрдемақысын беруді көздеп отыр.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Бүгінгі күні азаматтық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы және қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл төлемдерді белгілеу қызметкерлерге, әсіресе жылжымайтын мүлік құны қымбат өңірлерде тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі. Сонымен қатар өмір сүру жағдайлары қауіпті шалғай және жетуі қиын жерлерде, атап айтқанда, төтенше жағдай, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жерде жұмыс істегені үшін өтемақы төленбейді.

Иә, енді төтенше жағдай жарияланғанда табандылық танытқан құтқарушыларға үстемақы 3 еселеніп төленеді. Ал еңбек еткен әр күні үш күнге есептеледі. Бұған қоса қызмет барысында жарақат алса, шипажайларда оңалтудан өтеді.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Осы өтемақылар қызметкерлерге олардың кәсіби қызметтеріне байланысты төнетін қауіп-қатерлер мен қиындықтарды өтейді. Жалпы алғанда тұрғын үй төлемдері мен үстемеақыларды белгілеу білікті мамандарды тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі.

 

ТЖМ құзіреті кеңейеді

Сондай-ақ жаңа құжатта жауапты министрліктің қызметтік құзыретін кеңейту қарастырылған. Енді 9 қабаттан жоғары ғимараттарды қолданысқа қосу үшін ведомствоның келісімі керек. Сол секілді халық жиі жиналатын нысандар мен 28 метрден асатын обьектілердің өрт қауіпсіздігін өкілетті орган бағалайды. Дегенмен депутаттар: «Кейбір талаптар назардан тыс қалып отыр», – дейді.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Уәкілетті органның келісілмеген жобалары бойынша құрылыстарды қабылдау актілерін заңсыз деп тану тіпті қарастырылмаған. Ал енді қауіпсіздік талаптары сай келмейтін құрылыстарды сүру жолдары қарастырылмаған. Мысалы, өздеріңіз «пожарный контрольды» кіргізіп жатсыздар, бірақ өрт қауіпсіздігі сай келмейтін құрылыстарды не істейсіздер? Сүресіздер ме? Солай қалай ма? Бұл жайлы заңмен ештеңе реттелмеген. 

 

Салалық өрт сөндіру қызметін құру ұсынылды

Бұған қоса министр Қазақстанда салалық өрт сөндіру қызметін құруды ұсынды. Мұндағы ең басты ерекшелік жергілікті әкімдіктер дала өртін сөндіруге септесуге міндеттеледі. Яғни төтенше жағдай кезінде жанар-жағармай, азық-түлік, құрал-жабдық секілді басты қажеттіліктермен қамтамасыз етуге жауапты болады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы.