Ұлытау облысында көлік апаты азаймай тұр
Ұлытау облысында көлік апаты көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Олардың дені республикалық маңызы бар тасжолдарда тіркеліп жатады. Өткен айда 18 жолаушы түрлі жарақат алып, 3 адам көз жұмды. Осыған орай өңірде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жедел алдын алу шарасы басталды. Тәртіп сақшылары көлік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, патруль санын көбейтті.
Жылдамдықты шамадан тыс асырмасаң, ұзын жолда қауіп жоқ. Бірақ мұны жүйрік көлік тізгіндеген жүргізушілер қаперге алмайды. Жыл басынан бері тіркелген апаттардың басым бөлігі Жезқазған – Қарағанды тасжолында болды.
Арман Әбілқасымов, ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Көлік оқиғалары былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өскені байқалып отыр. Соның есебінен біз қазіргі таңда түсіндіру жұмыстарына көңіл бөліп жатырмыз. Жол ережесін қатаң бұзғаннан болып отыр көлік апаттары және жылдамдықты шамадан тыс асыру және жолдың қарсы бағытына шығып кетуден орын алып жатыр. Бұл бағытта қазір, өздеріңіз білесіздер, дрондарды пайдаланып жатырмыз.
Көлік апатының көбеюіне нашар жолдар да бірден-бір себеп десе болады. Күрежолдың бойында қабылдау жүргізген полицейлер жүргізушілердің жол сапасына қатысты өтініш-тілектерін түртіп алды.
Қанат Есенғабылов, ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
- Тексеріс барысында барлық анықталған кемшіліктер бойынша былтырғы жылы 300-ден астам коммуналдық органдарға нұсқама жіберілді және де мынау жолдарды күтіп-ұстау ережелерін бұзғаны үшін 70-тен астам лауазымдық қызметкерге әкімшілік хаттама толтырылды.
Республикалық жолдарда бейнебақылау камералары жоқ. Сондықтан жүгенсіз жүргізушілердің еркінситіні осыдан. Осыған орай полицейлер биылдан бастап патруль санын екі есе арттырды. Қазір 60 шақырым сайын бір патруль кезекшілік жасайды. «Мақсат – айыппұлмен қорқыту емес, жүргізушілердің көлік басқару мәдениетін қалыптастыру», – дейді тәртіп сақшылары. Жедел алдын алу шарасы 10 ақпанға дейін жалғасады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.