Семейде қорқор сатқан 116 кәсіпкер айыппұл арқалады

Семейде қорқор сатқан 116 кәсіпкер айыппұл арқалады

Елде қорқор тартуға тыйым салынғанымен, заңды белшесінен басатындар қарасы азаймай тұр, деп хабарлайды 24KZ. Мысалы, Семейде соңғы үш айда 116 ойын-сауық орталығының иесі айыппұл арқалады. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен рейд кезінде отбасылық жанжалдар анықталып, түнде қараусыз жүрген балалардың ата-аналарына ескерту жасалды.

Біз қазір қаладағы көңіл көтеретін нысандардың біріне келдік. Есіктің сыртына ақ қағаз жабыстырып қойған екен. Бірақ ашып қараса, түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейді деп жазылып тұр.

Жабық есіктің ар жағында көк түтінді бұрқыратып отырғандар көп. Дені – жастар. Заң бұзғаны былай тұрсын, тәртіп сақшыларымен дауға түсіп жатыр.  Бірақ заң бәріне ортақ, клуб иесі де, демалушылар да айыппұл арқалады.

Рейд барысында 11 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға заң жүзінде 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Ал қорқор тартқан 12 адам 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жазаланды.

Данияр Нұрпейісов, ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Түнгі мекемелерге бақылау мен заң талаптарының сақталуын тексеру жалғасын табады. Полиция қызметкерлері мекеме иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балаларының бос уақытына мұқият болуға шақырады.

 

Отбасылық жанжалмен күрес күшейеді

Дәл қазір полиция қызметкерлеріне отбасылық жанжал туралы хабар келіп түсті. Полицейлерді шақырғандар көршілері маза бермейтінін айтып шағымданды. Айтуларынша, ішімдікке сылқия тойып алған отағасы әйеліне қол көтеріп, жанжал шығарған. Мұнымен қоймай, көршілерін балағаттап қорқытады.

Жұбайы зорлық-зомбылық көргені туралы арыз жазудан бас тартты. Ішімдікке салынған тұрғын бұл жолы ескертумен ғана құтылып кетті.

Мұхтар Есенғарин, ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Тағы қайталап, тыныштықты бұзу болса, полицияға қоңырау түсетін болса, құқық бұзушы азамат 437-бабпен қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

400-ге жуық баланың ата-анасы жауапқа тартылды

Рейд кезінде түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарында жүрген кәмелет жасқа толмаған балалар анықталды. 22 жасөспірім полицияның орталық бөліміне жеткізіліп, ата-аналарына ескерту жасалды.

Зухра Жамантаева, ПД ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

- Бірінші рет ата-анаға ескерту жасалады. Бір жыл ішінде тағы да жағдай қайталанса, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер соған қарамастан бала ата-анасының қарауынсыз түнде жүретін болса, баланы ювеналды полиция бөліміне есепке аламыз. Оның тәртібі бақылауда болады.

Өңірде былтыр ересектердің қарауынсыз жүрген 4585 бала анықталды. Оның 393-і бір жыл ішінде әрекетін қайталап, тәртіп сақшыларына ұсталған. Сол үшін ата-анасына айыппұл салынды.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.