Қазақ-өзбек шекарасындағы «Қапланбек» өткізу бекеті қайта ашылды
Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын «Қапланбек» өткізу аймағы 2 жылдық үзілістен кейін есігін айқара ашты, деп хабарлайды 24KZ. Бұл өткел ауқымды жаңартудан өтті. Жолаушы өткізу қуаттылығы 3 есеге артты. Қазір орта есеппен күніне 15 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Ал «Жібек жолы» шекара бекеті 4 айға жабылды. Бекетте жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Қапланбек» шекара бекеті соңғы үлгідегі халықаралық стандарттар бойынша салынды. Жүк өткізу пункті озық технологиямен жабдықталған. Әсіресе қарапайым адамдардың өткелден жылдам әрі ыңғайлы өтуі үшін барлық жағдай жасалған.
Нәзима Жүсіпбаева, жолаушы:
- Екі елдің достығы арта берсін. Өте жақсы пост жасалған екен.
Сайёра Жуманазорова, жолаушы:
- Екі жылдай күттік. Туған-туыстар айналып келіп жүрді. Бекеттің ашылғанына қуанып жатырмыз. 5 минутта үйіме барамын. Көрсең, көз тоятындай етіп салыпты.
Бекеттің өткізу қуаттылығы біршама артты. Бұрын шекара пункті күніне орта есеппен 5 мың жолаушыны қабылдаса, қазір бұл сан 15 мыңға жетті. Сондай-ақ пост арқылы жеңіл көліктерді өткізу 4 есеге ұлғайып, күніне 600 машина шекара аса алады.
Мехрож Абидов, жүргізуші:
- 25-30 шақырымға жол қысқарды. Құдды бір әуежайда жүргендейсің. Жүк көліктерін жылдам өткізіп жатыр. Біздің уақытымыз үнемделеді. Осыны жасаған екі елдің басшыларына рақмет айтамын.
Былтыр екі елдің 4 шекара бекетінен күніне орта есеппен 31 мың, ал бір жылда 11,4 миллион жолаушы өткен. Пунктерде 1 миллион 213 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Бұл сан 2023 жылмен салыстырғанда 27%-ке артып отыр. Ал жөндеуге жабылған «Жібек жолы» бекеті жоспар бойынша 4 айдан соң пайдалануға беріледі.