Өзбекстанда IMEI-кодтың көшірмесін жасағандар айыппұл төлейді
Түркияда ИМЕЙ-коды тіркелмеген телефондар жергілікті операторлар жүйесіне қосылғаннан кейін 120 күннен соң бұғатталады.
Бұл заңсыз импортпен күресті күшейту үшін қолға алынған шара. Дәл осы мақсатта Қырғызстанда былтыр мобильді құрылғылардың ИМЕЙ-кодын міндетті тіркеу жүйесі енгізілген. Ал Өзбекстанда тиісті талаптың күшіне енгеніне 5 жыл болды.
Өзбекстанда 5 жыл бұрын мобильді құрылғыларды ИМЕЙ-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілген. Талапқа бағынбағандың телефондары бұғатталады. Бұл ұрылармен күресті күшейтіп, қылмыстарды ашуды жеңілдеткен. Бірақ қаскөйлер түрлі жолмен айласын асырып келеді. Мысалы, кодтардың көшірмесін жасайды. Яғни арнайы бағдарлама көмегімен код бір телефоннан екіншісіне көшіріледі. Сонда ИМЕЙі бірдей бірнеше мобильді құрылғы болады. Мұндай оқиғалар жиілеп кеткесін, былтыр қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Енді кодты көшіргендер біздің ақшамен 300 мың теңге айыппұл арқалайды. Сонымен қоса телефоны тәркіленеді.
Түркияда IMEI-кодты тіркеуге қатысты талап қатаң
Түркияда ИМЕЙ-кодты тіркеуге қатысты талап қатаң. Өйткені мұнда смартфондардың бағасы жоғары. Сондықтан құрылғыларды сырттан заңсыз әкелмек болғандар көбейген. Солардың жолын кесу үшін басқа елден жеткізілген мобильді құрылғыларды ИМЕЙ-коды бойынша бірыңғай жүйеге тіркеу қажет. Әйтпесе 4 айдан кейін телефон бұғатталады да, жергілікті сим-карталарды көрмейтін болады. Ал ИМЕЙ-кодтың көшірмесін жасамақ болғандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қырғызстанда заңсыз импортпен күрес күшейді
Қырғызстанда былтыр жаздан бастап мобильді құрылғылардың ИМЕЙ-кодын міндетті тіркеу жүйесі енгізілген. Бұл сырттан импортталатын гаджеттерге қатысты бақылауды күшейту үшін жасалды. 2019-2023 жылдар аралығында көрші елге жалпы сомасы 1 миллиард долларға 24 миллион мобильді құрылғы жеткізілген екен. Солардың біраз бөлігі заңсыз импортталса керек.
Жұлдыз Атагельдиева, Райхан Серікова