Әлемде жыл сайын сегіз миллионнан астам адам туберкулезге шалдығады

Әлемде жыл сайын 8 миллионнан астам адам түберулезге шалдығады.

Бір миллионнан астам науқас көз жұмады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі.

Иә, құрт ауруы 1993 жылы бүкіл әлем бойынша қауіпті дерт деп жарияланды. Одан беріде біраз уақыт өтті. Енді қазіргі заманауи медицинада емдеу жолдары қандай? Ол жөнінде халықаралық шолушымыз Фаризадан білейік. 

 ТУБЕРКУЛЕЗ – ЕҢ ҚАУІПТІ ДЕРТ 

Құрт ауруы өлім-жітімге әкеп соқтыратын 10 түрлі дерттің бірі. Статистикаға сүйенсек, аурудың 45 пайызы – Оңтүстік Шығыс Азия, 25 пайызы – Африкада, 17 пайызы – Тынық мұхитының батыс бөлігінде анықталған. Дертке шалдыққандардың дені Үндістан, Индонезия, Қытай, Нигерия, Пәкістан, Филиппин және Оңтүстік Африкада. 

2 жыл бұрынғы көрсеткіш бойынша 8 миллион 200 мың адам дертке шалдыққан. Оның 55% - ер, 33% - әйел, 12%-ы бала және жасөспірімдер. Аурудың асқынуына әдетте науқастың дертке шалдыққаны туралы кеш хабардар болуы себеп. Өйткені, медициналық көмекке жүгіну кез келген адамға қолжетімді емес. Мәселен, 1,6 миллиардтан астам адам немесе әлем халқының 22 пайызы дейік, қақтығыс, құрғақшылық, аштық немесе жаппай қоныс аудару сияқты қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатыр. Сол себепті науқас дертпен күресуге қауқарсыз. 

Оңтүстік Шығыс Азия - 45%

Африка - 25%

Тынық мұхитының батыс бөлігі - 17% 

Дэна Хокинсон, дәрігер:

- Құрт ауруының адам ағзасына білдірмей еніп, кейін айықпас дертке шалдықтыратынын көп адам біле бермейді. Егер әрбір адам туберкулез туралы жетік білсе және бұл тұрғыда өзінің білімін күнделікті өмірде қолданса, дерттің өршуіне, таралуына тосқауыл қоюға болады.

Құрт ауруының таралуына босқындар себепші 

Әлемде туберкулезбен ауыратындардың 10 пайызынан астамы -  мигранттар. Олар табысы төмен елдерден шыққандықтан, медициналық тексерістен уақытылы өтпейді. Сол себепті, көші-қонның туберкулез эпидемиологиясына әсері зор. Тіпті босқындардың үлкен топтарының келуі қабылдаушы елдердегі туберкулезге қарсы күреске әсер етуі мүмкін. Бұл аурудың ауыртпалығы мен медициналық қызметтердің құнын едәуір арттырады. Бұл мәселе әсіресе дамыған елдердің ішінде Германия, Ұлыбритания, Франция және АҚШ-та өткір тұр.  

ЦИТАТА: 

Адамдар үлкен қалаларға жұмыс іздеп барады. Қызметке орналасады. Қиын өмірлік жағдайларға тап болады. Психоэмоционалды және физикалық шамадан тыс жүктемелерді сезінеді. Бұл созылмалы шаршауға, уақытылы тамақтанбауға, иммундық реактивтіліктің төмендеуіне әкеледі. Туберкулезге көбіне 2 жыл немесе одан да көп тексерілмеген мәжбүрлі қоныс аударушылар, шетелдіктер, жалғыз тұратын туристер шалдығуы мүмкін. 

Людмила Колпакова, пульмонолог, Еуропалық медициналық орталықтың дәрігері

Туберкулезге қарсы жалғыз вакцина қолданылады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай туберкулезді түпкілікті жоймақ. Осы ретте ондаған жыл бойы жаңа вакциналар жасалып келеді, бірақ олардың ешқайсы әлі тіркелмеген. Қазір әлем бойынша туберкулезден сақтанудың бір ғана жолы -  БЦЖ вакцинасы. Кейінгі 100 жылда 4 миллиард адам салдырған. Біріккен ұлттар ұйымының дерегіне бойынша, вакцина туберкулезден нәрестелерді 82 пайыз, мектеп жасындағы балаларды 64 пайыз тиімділікпен қорғайды. Дегенмен, БЦЖ вакцинасы мінсіз емес. Біріншіден, оның әрекеті бірнеше жыл ғана созылады, сәйкесінше, үлкендерге әсер етпейді. Екіншіден, аурудан сақтау тиімділігі максимал деңгейде емес. Бұл ретте мамандар, екпені балаларға туған сәтінде салу маңызды екенін айтады. 

ЦИТАТА: 

БЦЖ басқа кез келген вакцина сияқты қорғайды, бірақ 100% кепілдік бермейді. Сондықтан адам вакцина салдырса да, туберкулез жұқтырып алған жағдайлар әрқашан бола береді. Туберкулездің ерекшелігі сол, иммунитет жасуша деңгейінде әрекет ете бастайды. БЦЖ-ның міндеті – біздің жасушаларымызды алдын ала «оқытып қою», яғни науқаспен, бактерия бөлушімен контактіге түскен соң туберкулез бактерияларының жаппай шабуылына қарсы тұруды үйрету.

Ольга Винокурова, Ресей халықтар достығы университеті жұқпалы аурулар кафедрасының қызметкері

Қазір жер шары тұрғындарының төрттен бір бөлігі туберкулездің жабық түрімен ауырады. Яғни туберкулез бактериясын жұқтырғанымен,бұл адамдар басқаларға ауру жұқтырмайды. Профилактикалық шаралар да осындай топтағы адамдар арасында жүргізілуі қажет. Ал туберкулездің ашық түріне шалдыққан бір науқас бір жылда айналасындағы 5-15 адамға ауру жұқтыруы мүмкін.