Ғарыш қоқысының қаупі зор
Ұшақтардың ғарыш қоқысымен соқтығысу қаупі жылдан жылға артып барады.
Канадалық ғалымдар осылай дейді.
;ер маңындағы орбитада 2 мыңнан аса пайдаланылған зымыран бөліктері бар. Бұл металл заттардың салмағы жүздеген келіге дейін жетеді. Уақыт өте келе олар жерге құлауы мүмкін. Солтүстік Америка мен Еуропада ұшақтар жиі қатынайтын аймаққа зымыранның пайдаланылған бөліктерінің құлау ықтималдығы 26 пайызға тең. Канадалық ғалымдардың зерттеу нәтижесі осындай. Олардың есептеуінше, небәрі 1 грамдық зымыран сынығы ұшақтың қозғалтқышына не алдыңғы әйнегіне тисе, соңы апатқа әкеп соқтыруы мүмкін.
Ғарыш нысандары қалдықтарының адамдар тұратын аймақтарға құлаған кездері болған. 5 жыл бұрын қытайлық зымыранның сынықтары Батыс Африкадағы Кот-д’Ивуар мемлекетінің аумағына түсіп, бірнеше ғимаратты бүлдірген. 4 жыл бұрын Үнді мұхитында да ұқсас оқиға болған. Ғалымдар мұндай жағдайларды болдырмау үшін ескі жер серіктерінің орбитасын өзгертіп жатады. Бірақ соның өзінде ғарыш қоқысынан арылудың тиімді тәсілі әлі ойлап табылған жоқ.
Зымыран бөліктерінің ғарыш айлағына оралуын қамтамасыз ететін технологиялар бар. Бірақ бүгінде онымен зымырандардың тек 35 пайызы ғана жабдықталған. Солардың қатарында америкалық Спейс Икс те бар. Былтыр Илон Масктың компаниясы ұшырған зымыран бөліктері алғаш рет ғарыш айлағына қайтып қонған. Бірақ көп жағдайда олар істен шыққан жер серіктері, зымыран-тасығыштарының блоктары, тіпті ғарышкерлердің жоғалтып алған заттарымен бірге ғарыш қоқысына айналып жатады.
Жулдыз Атагельдиева, Сандугаш Байгуаныш