Өзбекстанда 100 мыңнан астам адам онкологияға шалдыққан

Обырдың емі қиын. Медицина түрлі дәрі- дәрмек, ем түрлерін ойластырып жатқанмен, жағдай жақсарған жоқ, деп хабарлайды 24kz.

Біздің елдегі науқастар қолы жетсе, шетелге барып емделгенді жөн көреді. Әсіресе АҚШ, Израиль, Жапония, Үндістан, тіпті іргедегі Өзбекстан-ға да барып жатқандар бар. Ал енді осы ала топылы ағайынның өз жағдайы қалай? Дерекке қарғанда, Өзбекстанда жылына 20 мың адамда қатерлі ісік диагнозы тіркеледі. Қазір мұнда жаман ауруға шалдыққандардың саны 100 мыңнан асады. Әсіресе, сүт безінің онкологиясы өршіп тұр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі онкологиямен күресу үшін алдағы он жылға арнайы бағдарлама әзірлемек.

Дулат Нуркин, тілші:

- Қазір Өзбекстанда 100 мыңнан астам адам онкологияға шалдыққан. Ең көп таралған түрі сүт безінің қатерлі ісігі. Одан кейін асқазан, жатыр мен өкпе аурулары бар. Айта кету керек, 50%-тен астам жағдайда бұл ауру тым кеш, үшінші немесе төртінші кезеңде анықталады екен. Ал оларды емдеу өте қиын. Өзбекстанда балалар арасында да қатерлі ісікке шалдығатындар саны азаймай тұр. Әсіресе, көздегі қатерлі ісіктің кеш анықталуы күрделі мәселе болып отыр. Оның негізгі себептері – білікті онкологтар мен офтальмологтардың жетіспеушілігі,заманауи диагностикалық әдістердің болмауы. Ал ең басты себеп ата-аналардың немқұрайлығы. Көп ретте аурудың алғашқы белгілері жайлы хабар бермейді екен. Сала мамандарының айтуынша, қатерлі ісіктің көбеюінің негізгі себептерінің бірі – экологиялық жағдайдың нашарлауы. Ірі қалалардағы ауаның ластануы, ауыл шаруашылығындағы пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардың жоғары деңгейі, сондай-ақ жекелеген аймақтардағы ауызсу сапасының проблемалары балалардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Зерттеулер көрсеткендей, Өзбекстанның кейбір аудандарында судағы зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып түседі, бұл мутацияға және қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупінің артуына әкеледі. Сонымен қатар фондық радиация маңызды рөл атқарады. Бұрын өндірістік және әскери сынақтар өткізілген аймақтарда балаларда қатерлі ісіктердің саны артқан. Сарапшылар сонымен қатар отбасылық тұқым қуалау жағдайларын да байқаған. Биыл Өзбекстан 2025-2030 жылдарға арналған балалар ісігіне қарсы күрестің ұлттық стратегиясын қабылдады. Құжат ДДСҰ, ЮНИСЕФ, Вена халықаралық медициналық университеті және басқа да ұйымдардың қолдауымен әзірленді. Стратегия денсаулық сақтауды жаңғыртуға, инфрақұрылым мен кадрларды нығайтуға, ерте диагностиканы енгізуге, онкологиялық қызметтерді цифрландыруға және отбасыларға психоәлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Мақсат – 2030 жылға қарай өмір сүру деңгейін 60%-ке жеткізіп, өлімді 2,5 есеге азайту.

Авторы: Дулат Нуркин