Ормузда 1 мыңнан аса кеме бөгеліп тұр
Ормуз бұғазы дүниені шайқалтты. Әлем дағдарып қалды. Бүгіннен бастап Шри-Ланка төрт күндік жұмыс аптасына көшеді. Өйткені жанармай тапшы. Енді үнемдемесе болмайды.
Ал әлемдік нарықта қара алтын құны барреліне 100 доллардан асып жығылды. Баға таяуда арзандайтын түрі көрінбейді. Қайта қымбаттап кетуі әбден мүмкін. Өйткені әр ел әлдеқалай болып кетеді деп қорға жиып қойған мұнайын шығарып жатыр. Ал енді үнемдеу шаралары нәтиже бере ме, кім қайтіп күнелтеді?
Шри-Ланка жанармай үнемдеу мақсатында демалыс жариялады
Шри-Ланкада сәрсенбі демалыс күні деп жарияланды. Бұл мемлекеттік мекемелер, мектеп пен жоғары оқу орындарына қатысты болмақ. Ал аурухана және жедел қызметтер әдеттегі режимде жұмысын жалғастырады.
Ирандағы соғыс пен Ормуз бұғазының жабылуы осындай шара қабылдауға мәжбүрлеп отыр. «Өйткені аралда орналасқан шағын мемлекет отын тапшылығына тап боламыз», - деп қауіптенеді. Қазірдің өзінде жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Себебі тақауда елде жанармайға шектеу енгізілген еді. Автокөлік иелері аптасына 15 литрден, ал мотоциклдегілер 5 литрден артық жанармай немесе дизель сатып ала алмайды
Ди Джей Раджакаруна, мемлекеттік мұнай компаниясының төрағасы:
- Бізге қажетті отын кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр. Сондықтан келесі айдың соңына дейін мәселе туындамайды. Отынды реттеу шаралары экономикаға еш әсер етпейді. Соғыстың қашан аяқталатынын білмейміз. Болашақта бетпе-бет келуіміз мүмкін кез келген қиын жағдайға дайын болуымыз қажет.
Былтыр Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған мұнай мен газдың 90 пайызын Азия елдері тұтынған. Енді бұғазда кедергі туындаған соң дағдарыс басталып келеді. Сол себепті әркім өзінше қарманып жатыр. Мысалы, Филиппинде кейбір мемлекеттік мекемелер қызметкерлерді аптасына кем дегенде бір рет қашықтан жұмыс істеуге міндеттеді. Ал Бангладеште ресурстарды үнемдеу үшін ара-тұра жарық өшіріледі.
Әлем қордағы мұнайға қарап қалды
Халықаралық энергетикалық агенттікке мүше елдер қордағы мұнайын қазірдің өзінде нарыққа шығара бастады. Бұл бағаны ұстап тұрудың амалы.
Жалпы стратегиялық резервтерден шамамен 412 млн баррель шикізатты шығару жоспарда бар. Оның 72 пайызы -мұнай, ал 28 пайызы - мұнай өнімдері. Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерінің үлесінде 196 млн баррель болса, Азия және Тынық мұхиты аймағы 108,6 млн баррель қара алтын бөледі. Ал Еуропа мемлекеттері 107,5 млн баррель мұнайды нарыққа шығарады. Осыдан соң жалпы резервтерде 1,4 млрд баррельге жуық мұнай қалады.
Фатих Бироль, халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:
- Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде нарық тұрақтанады деген үміт бар. Алайда дағдарыстың ұзаққа созылуына дайын болуымыз керек. Тіпті Ормуз бұғазы ертең ашылса да, энергоресурстардың жаһандық саудасы қалпына келуі үшін уақыт қажет болады.
Сарапшылар қордан рекордтық деңгейде мұнай шығарылғанымен, мәселе толығымен шешіле қоймайтынын айтады. Мысалы, Жапония 80 млн баррель мұнайды резервтен шығаруға уәде берді. Ал бұл әрі кетсе 45 күнге жетеді. Осыдан соң табиғи ресурстарға аса бай емес мемлекеттің резервтегі қара алтын көлемі 17%-ға қысқарады. Мамандар алдағы бірер аптада ел экономикасы айтарлықтай қысымға ұшырайды деп болжайды.
Томохико Накамура, Кобе халықаралық университеті экономика факультетінің профессоры:
- Мұнай қорларын босату бағаның өсуін тежеуге белгілі бір әсер етеді. Алайда Жапонияның мұнай қоры шектеулі. Біз екі есе соққыға тап болдық. Бір жағынан, мұнай бағасы өсуде, екінші жағынан, ұлттық валютаның әлсіреуі импорт құнын арттырады. Әсіресе ел экономикасының негізгі тірегі шағын және орта кәсіпорындарға оңай болмайды. Көптеген бизнес жабылады. Мұнайдың қымбаттауы көп ұзамай барлық салаға әсер етуі мүмкін.
Ормузда 1 мыңнан аса кеме бөгеліп тұр
Дональд Трамп Иран бұғазды экономикалық қару ретінде пайдаланып отыр және бұл әрекеті ұзаққа бармайды деп ескертті. Гардиан басылымының мәліметтеріне сүйенсек, қазір бұл аймақта 1 мыңнан астам кеме бөгеліп тұр.
Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Ормуз бұғазы агрессорлар мен олардың одақтастары үшін ғана жабық» деп мәлімдеді. Айта кетерлігі, бірер күн бұрын АҚШ Ирандағы маңызды мұнай экспорттаушы пункт - Харг аралындағы әскери нысандарға шабуыл жасаған еді. Бірақ мұнай инфрақұрылымына тиген жоқ. Ақ үй басшысы: «Ормуз бұғазындағы жағдай реттелмесе, келесі кезекте Харг аралындағы мұнай қоймалары қарауылға ілігеді» деп отыр. Өйткені Иранның негізгі мұнай қоры осында. Бірақ Тегеран бұл шабуылдан да тайсалатын емес.
Хоссейн Канани Могхаддам, әскери сарапшы:
- Иран-Ирак соғысынан кейін біз Ормуз бұғазына және аралдардан мұнай экспортына тәуелділікті азайту үшін шаралар қабылдадық. Құрлық пен теңіз арқылы тасымалдау үшін өзге аймақтарда мұнай құбырларын салдық. Сондықтан Харгқа соққы беру арқылы олар ештеңе ұтпайды. Керісінше бұл мұнай дағдарысын күшейтеді. Барлық қысым АҚШ және Еуропамен байланысты мұнай компанияларына түседі. Харгты басып алса да, бұл біздің мұнай экспортына еш кедергі келтірмейді.
Дональд Трамп АҚш пен Израильдің шамасы келмей жатқан соң, өзге елдерді де Ормуздағы қауіпсіздікті бірлесе қамтамасыз етуге шақырған еді. Бірақ басында АҚШ-ты қостап, шабуылға әзірленген елдер кейін тайсақтай бастады. Олардың уәжі: NATO басқыншылық жасауға емес, қорғаныс үшін ғана күш біріктіруге тиіс. Ал Дональд Трамп НАТО-дан көңілі қалғанын жеткізді.