Грузия карантин мерзімін ұзартты

Грузияда 3 мен 15 қаңтар аралығы демалыс күндері болып жарияланды. Коронавирус індетіне байланысты үкімет шектеулер мерзімін ұзартты. Бірақ елде коронавирусты жұқтырған науқастар саны азая бастады. Дәрігерлердің болжамынша, мереке кезінде жұрт жиі араласқандықтан, індет қайта дендеп кетеді. Сондықтан, уақытша алынып тасталған шектеулер қайта күшіне енді. Тағы айта кетер бір жайт, Грузияға өзге бір елден кірген 50 жастағы адамнан Ұлыбританияда шыққан вирустың жаңа түрі анықталды. Бірақ ол бұл елге сапар шекпеген.

Азық-түлік дүкендерінен өзге барлық сауда орындары мен базарлар қайта жабылды. Қараша айының ортасында Грузияда күніне 5 мыңдай науқас анықталып келген еді. Сол кезде үкімет жаңа шаралар қабылдап, қоғамдық көлік те, қалаларалық жолаушы тасымалы да тоқтаған. Мейрамханалар, спорт клубтары мен оқу орындарының жұмысына тыйым салынған.   

Георгий Гахария, Грузия премьер-министрі: 

- Осыдан бір ай бұрын бізде науқастар саны өте көп еді. Бірақ қолға алынған шаралар өз нәтижесін берді. Алайда азаматтарымыз ережелерді сақтамаса, жағдай өзгермейді. қазіргі кезде ел тұрғындарының 70% бетперде киіп жүр, осы үшін оларға алғыс білдіреміз. Күн сайын 20 мың тест жасайтын мүмкіндігіміз бар, бірақ осыған қарамастан одан аз адам өтіп жатыр. Ал жақындарымыз бен елімізді қорғап қалу үшін ауру белгілері сәл білінгенде бірден тексерілу керек.

Мейрам алдында үкімет кейбір шектеулерді алып тастады. 24 желтоқсаннан 2 қаңтарға дейін барлық дүкендер жұмыс істеді. Ал жаңа жыл түні коменданттық сағаттың да күші жойылған еді. Енді қайта шектеулер күшіне енді.  

Вероника Кипшидзе, Тбилиси қаласының тұрғыны: 

- Әрине аурудың таралуына жол бермес үшін шектеулер қажет. Алайда дұрыс емдесе вирустан бәрі бірдей көз жұмбайды ғой. Ал экономика тоқыраса қиын болады. Сондықтан орынды шаралар қабылдау керек.  

Давид Дзадзамия, Тбилиси қаласының тұрғыны: 

- Пандемиядан сақтану үшін, шектеулер керек екеніне келісемін. Қазір бұл шаралар бізге тым қатал көрінуі мүмкін, бірақ бұл болашағымыз үшін қажет.

Грузияда Рождество мейрамын қаңтардың 7-сінде  атап өтеді. Бұл түні коменданттық сағат алынып тасталатын болды. Ал қалған шектеулер қаңтардың отыз біріне дейін күшінде болады. Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар нысандардан бөлек барлық мекемелер 15 қаңтарға дейін жұмыс істемейді.  

Автор: Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...