Лондонда тұратын қазақ кәсіпкерінің індет кесірінен шаруасы шатқаяқтады

Ұлыбритания экономикасы коронавирус пандемиясы салдарынан екі еселенген рецессияға ұшырауы мүмкін. Әлемнің бесінші экономикасы саналатын елдің жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші қараша айында 2,8 процентке құлдыраған.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Соңғы алты айда енді қарқын ала бастаған Ұлыбритания экономикасы қараша айында тағы құлдырады. Бұған қайтадан жарияланған жалпыұлттық локдаун кінәлі. Нәтижесінде паб, шаштараз, қонақ үйлер жабылуға мәжбүр болды. Ал Ұлыбритания экономикасы қозғаушы күштерінің бірі осы қызмет көрсету секторы болатын.

Осы салада кәсібін дөңгелетіп жүргендердің қатарында Қазақстанның тумасы Амира Томирис те бар. Алматылық бойжеткеннің Лондонда тұрып жатқанына 17 жылдан асқан.

«Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырумен айналысатын компаниямның ашылуынан жабылуы тез болды», - дейді ол.

Бірақ бір амалын тауып, жұмысын жалғастырыпты.

Амира Томирис Ахметова, кәсіпкер:

- Пандемия бәріне әсер етті. Әсіресе шағын бизнеске. Бизнес стратегиямызды өзгерткеніміз дұрыс болды. Тапсырыстарды онлайн қабылдап, декорацияларды үйлерге жеткізіп отырдық. Бірақ көптеген компаниялар, өкінішке орай, жабылып қалды. Өте өкінішті әрине. Ешкім мұндайды күткен жоқ. Бірақ болары болды.

Дей тұрғанымен, үшінші локдаун салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерге Ұлыбритания үкіметі 4,6 миллиард стерлинг фунты көлемінде қолдау көрсеткелі отыр. Коронавирустық шектеулер кесірінен жабылып қалған кәсіпкерлік субъектілерінің әрқайсысы 9 мың стерлинг фунты көлемінде бір жолғы қаржылай көмек алатын болады.

Риши Сунак, Ұлыбритания қаржы министрі:

- Бұл қолдауды біздің тарапымыздан ай сайын төленіп отырған 3000 фунтқа қосымша берілетін қаражат деп қабылдаған жөн. Оған қоса жұмыс орындарын сақтап қалу үшін сәуір айына дейін үйде отырған қызметкерлердің жалақысын да төлеп отырмыз.

Қызмет көрсету саласына қарағанда өңдеу және құрылыс секторларында сәл де болса өсім бар. Бірақ экономистер құлдырау бірінші тоқсанда да жалғасады деп отыр.

Экономистердің айтуынша, жаңа жыл қатаң шектеулермен басталған соң рецессия екі еселенуі мүмкін.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы