Су тасқыны. Димаштың Лондондағы жанкүйерлері көмек жинап жатыр
Қызыл судан зардап шеккен қазақстандықтарға Тұманды Альбион да қол ұшын созды.
Ұлыбританияда тұратын отандастарымыз бен жергілікті халық жылы киімдер мен тағы басқа қажетті заттар жинап жатыр. Сондай-ақ, арнайы ашылған есеп-шотқа ақша аударып, электронды парақшаға тілектерін қалдыруда. Игі істің басында осы елде жұмыс бабымен уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар, студенттер және ертеректе көшіп кеткен қандастарымыз жүр.
Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де Қазақ орталығы көтерген бастамаға барынша атсалысып жатыр.
Джил Браун, Д.Құдайберген фан-клубының басшысы:
- Еліңіздегі су тасқыны мен оның зардаптары туралы хабардармыз. Халықтың мал-мүлікі суға кеткенін естіп, қабырғамыз қайысты. Табиғи апаттан жапа шеккендерді қолдау үшін аз да болса ақша жинадық. Судың тасуы тоқтап, жағдай тезірек тұрақталсын деп дұға ететін боламыз.