Францияда ішкі туризм аса зардап шекпеген

Туристер арасында танымал елдің бірі Таиланд. Былтыр пандемия салдарынан шетелдік демалушылар келмей, өткен жыл қорытындысы бойынша 2600 туроператор нарықтан мүлде кеткен.

Осы саладағы компаниялардың 70 проценті уақытша жабылып қалды. Мынау пандемияға дейін түсірілген бейнежазба. Мұнда демалушылар мәз-мейрам. Әлеуметтік қашықтық пен маска деген қажет емес. Ал келесі бейнежазба ел астанасы Бангкоктің қазіргі кейпі. Көшеде кісі қарасы азайған. Дүкендер мен мейрамханалар жабық. Туризм және спорт министрі осы аптада еңбек министрімен кездесу өткізетінін айтады. Тараптар табысынан қағылған туристік сектор қызметкерлері шығындарының бір бөлігін өтеу мәселесін талқылайды. Алайда сала өкілдері бұл жеткіліксіз екенін айтады.        

Ютана Хуангтонг, шаштараз:

- Мына көшеде бұрын күндіз де, түнде де тіршілік қайнап жатушы еді. Шетелдік қонақтар көп болатын. Біз тәулік бойы жұмыс істейтінбіз. Ал қазір шетелдіктер тұрмақ жергілікті тұрғындардың өзі азайды. Осылай жалғаса берсе, ауылға қайтатын шығармын. Қалада қалудың мәнісі жоқ.

Санга Руангваттанакул, Каосан бизнес қауымдастығының президенті:

- Табысты жылдары 40 миллион турист қабылдайтынбыз. Биыл ары кетсе 10 миллион демалушы келер. Туризм саласы қалпына келу үшін тағы 2 жыл күту керек шығар.

Францияның туристік секторындағы табыс 40 процентке азайған. Дегенмен, жергілікті билік бұл өзге елдермен салыстырғанда, біршама жақсы көрсеткіш дейді. Өйткені ішкі туризм аса қатты зардап шекпеген. Оның үстіне былтыр жазда көрші елдерден біраз мейман келген. Келесі айда Францияда туристер арасындағы танымал нысан - Диснейленд ойын-сауық паркі ашылуы тиіс еді. Алайда қазір коронавирустың британдық штамы тез тарап, Еуропадағы эпидемиологиялық ахуал ушығып кетті. Сондықтан басшылық паркті ашуды екі айға шегерді. Диснейленд жоспар бойынша сәуірдің басында қайта ашылады.

Былтыр Испания туристік секторы үшін соңғы жарты ғасырдағы ең ауыр жыл болды. Пиреней түбегіне келген шетелдік саяхатшылар саны 80 процентке азайған. Мұндай жағдай соңғы рет 1960 жылдардың соңында тіркелген екен. Сала өкілдері 2020 жылдың жазғы маусымына көп үміт артқан еді. Алайда нысандардың дені ашылғанына көп болмай, қайта жабылып қалды. Сарапшылардың айтуынша, туристік компанияларды алаңдатып отырған мәселе пандемияда ғана емес. Брекзит те өз әсерін тигізген. Испания британдық туристер арасында танымал бағыт саналады. Алайда Корольдіктің Еуроодақ құрамынан шығуына байланысты тұрғындар ақшаны беталды жұмсамай, саяхаттарын азайтқан. Сондықтан алдағы екі жылда британдық демалушылардың саны арта қоймас деген болжам бар. 

Чадни Матрани, дүкен иесі:

- Қазір жағдайдамыз өте қиын. Келушілер жоқтын қасы. Билік туристер саны көбейеді дейді. Алайда шындығында басқаша жағдайды бақылап отырмыз. Аралға аптасына 5 рейс ұшады. Бірақ бұл өте төмен көрсеткіш.

Ал Австрияда осы аптада үшінші локдаун жарияланды. Алайда билік қатаң шараның туристік секторға кері әсерін сәл де болса азайту үшін тау-шаңғы шипажайларына жұмысын жалғастыруға рұқсат берді. Бірақ мұнда ілмекті көтергіштер ғана қызмет етеді. Мейрамхана мен тамақтану орындары сол бұрынғысынша жабық тұр. Бұған кәсіпкерлер қарсы.

Стефани, туристік компанияның өкілі:

- Біз әлеуметтік қашықтық секілді өзге де сақтық шараларын сақтаймыз ғой. Алайда биліктің бізге жаны ашымайды. Қанша жылғы еңбегіміз зая кетті. Шаш-етектен шығынға баттық.

Демалушылар санының азаюы Грузияға да қатты зардабын тигізді. Елде туризм экономиканың негізгі секторы саналады. Былтыр пандемия салдарынан сала 2 миллиард 700 миллион доллар табысынан қағылды. 2019 жылы 3 миллион 700 мыңдай тұрғыны бар Грузияға 9 жарым миллионға жуық шетелдік келіп, рекорд тіркелген еді. Былтыр бұл көрсеткіш 1 миллион 700 мың шамасында ғана болған. Негізі билік былтыр 1 шілдеде туристер үшін шекараны ашып, халықаралық әуе қатынасын қайта жандандыруды жоспарлаған. Алайда елдегі эпидемиологиялық ахуал салдарынан бұл шешім 4 рет кейінге шегеріліп келді.