Қырғызстандықтар әуе билеті тым қымбаттап кеткеніне наразы

Ресейге ұшу бағасы соңғы бір жылда үш есе өсіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сатып алған күннің өзінде жолаушылар кейде сапарға шыға алмай жүр. 

Қырғызстаннан Ресейге тұрақты әуе рейсі қазір аптасына бір рет қатынайды. Тағы бірнеше чартерлік рейс бар, бірақ олар орын толтырғанда ғана, ұшады. Мәскеуге әуе сапары қысқарғандықтан, билеттер бағасы қымбаттап кетті. Ең арзаны 50 мың сом, яғни 600 долар шамасында тұрады. Бизнес класста бір орын құны үш жарым мың долларға жетуі мүмкін. Қырғызстан үкіметі Ресей тарапын тұрақты рейстер санын арттыруға шақырды.

Сталбек Шаршеев, Қырғызстан азаматтық авиация агенттігінің директоры:

– Чартерлерді тұрақты рейстерге ауыстыруды сұрап отырмыз. Сонда бағалар тұрақталар еді. Пандемияға дейінгі деңгейге төмендейді деп кепіл бере алмаймыз, өйткені әуекомпаниялар осы мерзімде зор шығынға батқанын бәрі түсінуі керек. Бірақ қазіргідей қымбат болмайды.

Еңбек мигранттары, студенттер және кәсіпкерлер. Ресейге баруды қалайтын адам көп. Басты шарты ПТР тест тапсыру. Сонымен қатар ең алдымен Ресейге барудың себебін құжатпен растау қажет. Оқу, жұмыс істеу немесе ем алу мақсатымен сапарға шығуға болады. Ал жоғары білікті мамандар тізімін Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі тексереді. Қазақстанға жету бұдан едәуір оңай.

Карим Усманов, әуежайларды сертификациялау және тасымалды реттеу бөлімінің меңгерушісі:

– Қазір Бішкек-Алматы бағытында тұрақты екі рейс қатынайды. Еш шектеу жоқ, тек мерзімі 72 сағаттан аспайтын ПТР тест қолда болу керек. Бірақ Қазақстанның жедел штабы жақын арада рейстер санын арттырмауды шешкен.

Бішкектен Алматыға әуе билетінің бағасы – 216 доллар. Жолаушының жүгі болса, 18 доллар қосып төлеуі тиіс. Көп құжат керек етпейтіндіктен, бұл бағытқа сұраныс жоғары. Қырғызстан азаматтық авиация агенттігінің мәлімдеуінше, әзірге осы рейстерде бос орын болған жоқ және ақпанның он тоғызына дейін барлық билеттер сатылып кеткен.

Бақыт Чермашев