Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны азайып келеді

Бүгін Оңтүстік Кореяда коронавирусқа шалдыққандардың соңғы екі айдағы ең төменгі көрсеткіші тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәулік ішінде қауіпті вирус 346 адамнан анықталған. Десе де, ел үкіметі індеттің қайта өршуінен қауіптеніп отыр. Өйткені 12 ақпанда Корея халқы ай күнтізбесі бойынша жаңа жылды қарсы алады. Әзірге тек мейрамханалар мен спортзалдарға жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ келушілер санитарлық ережелерді орындауға міндетті.

Бетперде тағып, спортпен шұғылдану. Фитнес орталыққа келушілер енді осы ережеге бағынуға мәжбүр. Сеулде және Кёнги провинциясында күніне жүздеген тұрғын коронавирус жұқтырады. Сондықтан таяуда ғана спорт залдарының есігі жабылған болатын. Фитнес клуб иелері жаппай наразылыққа шыққаннан кейін жұмыс істеуге қайта рұқсат берілді. Тек қатаң талаптарды орындау қажет. Жабық бөлмелерде спортпен шұғылданып, адамдар саны шектеулі болады.

Ким Сан Мук, фитнес орталығының қызметкері:

– Залдың аумағы шамамен 1 300 шаршы метрді құрайды. Мұнда желдету жүйесі бар. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін біз тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар кейбір клиенттер жабдықты өздері зарарсыздандырады. Пандемия басталғаннан бері тұрақты клиенттер саны өткен жылға қарағанда екі есе азайды.

Мейрамханалар жұмысы да шектелді. Бетпердені тамақтану кезінде ғана шешуге болады. Бір үстелге 4 адамнан артық отыра алмайды. Мейрамхана кешкі 9-да жабылуы керек. Тамақты жеткізіп беру қызметі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ережені бұзғаны үшін тұтынушы да, мейрамхана иесі де айыппұл төлейді.

Бұл бөлме 12 адамға арналған. Бірақ жаңа ережелер бойынша қонақтар саны сегізден аспауы тиіс. Әрқайсысында 4 адам отыратын екі үстел арасы екі метрден аз болмауы керек.

Мейрамхана қожайыны Пак Се Хённың айтуынша, оның мекемесі кейінгі 30 жылда ең ауыр кезеңді өткеріп жатыр. Оның негізгі тұтынушылары – шетелдік туристер. Бірақ шекара жабық болғандықтан, табыс 50 процентке азайған.

Пак Се Хён, мейрамхана қожайыны:

– Түскі асқа келушілер саны көп емес. Біз 9-ға дейін жұмыс істейтіндіктен табысымыз аз. Егер жұмыс түнгі 11-ге дейін ұзартылса, онда клиенттер саны көбейер еді.

Жұмысын тоқтатуға немесе шектеуге мәжбүр болған барлық кәсіпкер мемлекеттен көмек алады. Өткен жылы олардың әрқайсысына 1 жарым мың АҚШ долларына дейін төленді. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, бұл қаражат COVID-19-дан келген зиянды өтемейді. Қазір олар тұрақты келушілерінен айырылып қалмау жайын ойластырып жүр.

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян