Британияға сырттан барғандар он күн карантинге жабылады

Коронавирустың жаңа мутациялары тез тарап бара жатқан елдерден отанына оралған британдықтар қонақ үйде карантинде отыруға міндеттеледі.

Тиісті ереже 15 ақпанда күшіне енуі тиіс. Шетелден келгендер әуежай маңындағы мейманханаларға тоқтайды. Олар күнделікті мыңнан аса адамды қабылдауға дайын болуы керек. Бірақ 10 күндік карантин шығындарын қонақ үйлер емес, шетелден оралғандардың өздері өтейді.

Жалпы британ билігі коронавирустың жаңа мутацияларына қатысты қауіпті топқа 33 елді кіргізген. Қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия, Португалия бар. Бұл тізімге кірмейтін мемлекеттерден келген азаматтар да карантинді болуы тиіс. Бірақ олар 10 күнді мейманханада емес, үйлерінде өткізе алады.

Қонақ үйдің бас директоры:

- Күн сайын Хитроу, Гатвик  және Манчестер әуежайларына карантиндік тізімдегі елдерден 2 мыңдай адам келеді. Бұл қонақ үйлерге 10 күнде 20 мың бөлме дайындау керек деген сөз. Ал мұның бәрі ауқымды дайындықты қажет етеді.