Германия локдауннан біртіндеп шығуды жоспарлап отыр

Билік елде індеттің таралуы бәсеңдесе, сұлулық салондарын, фитнес-залдар мен сауда орталықтарын ашуға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елде өткен жылдың желтоқсан айында енгізілген қатаң карантин. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқалардың барлығы жабық. Немістердің қалыпты өмірге оралуы науқастар санының төмендеуіне байланысты. Бірақ үкімет кей шектеулерді жеңілдете бастады. Осы аптаның басынан елдің 10 аймағында мектептер ашылды. Бірақ сыныптар іштей және сырттай оқитын болып бөлінген. Бетперде мен әлеуметтік қашықтық міндетті. Алайда індет өршісе оқу орындары қайта жабылуы мүмкін. Германияда бұдан бөлек балабақшалар да жұмыс істей бастады. Бірнеше күннен кейін шаштараздар мен гүл дүкендері ашылуы керек.

Анья Несслинг, мұғалім:

– Шәкірттерімнің мектепке оралғанына өте қуаныштымын. Олар ұзақ уақыт бойы үйден оқыды. Ал қашықтан білім алу әсіресе ата-аналарға біраз қиындық тудырғаны түсінікті. Қай жағынан алып қарасаңыз да, мектептердің қайта ашылғаны көңіл көншітеді. 

Георг Бауэр, мектеп директоры:

– Мұғалімдер мен тәрбиешілерді вакциналау өте маңызды. Өйткені, олар балалармен жұмыс істейді. Ал оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз үшін аса маңызды.

Келесі аптада канцлер Ангела Меркель мен аймақ басшылары кездесіп, шектеулерді талқылайтын болады. Үкімет басшысы локдаунды алу бойынша 4 кезеңдік жоспарын жариялауы мүмкін. Бірақ дәрігерлер шектеулерді жеңілдетуге үзілді-кесілді қарсы. Мамандар қазір вакцина салдырғандар аз болғандықтан шектеулерді бірден алу індеттің қайта өршуіне әкеледі деп отыр.