Украинада бір тәулікте коронавирустан 250 адам қайтыс болды

Наурыздың басынан бері Украинада коронавирус қайта тез тарап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәулігіне 9 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, бір күнде 262 украиналық көз жұмды. Мемлекеттің 10 ірі облысы қауіпті қызыл деңгейге жеткен, ел билігі вирустың үшінші толқыны басталғанын жариялады. Дей тұрғанмен, Украинада вакциналау кезеңі өте баяу жүріп жатыр.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Украинаның әсіресе, батыс өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр, мұндағы медициналық мекемелердегі төсек орындарының 95 проценттен астамы вирус жұқтырған науқастармен лық толған. Украинаның денсаулық сақтау министрлігі мемлекет бойынша қатаң локдаунның қайта оралғанын қалайды. Алайда ел Президенті Зеленский  вируспен күресте күшейтілген карантин емес, жаппай вакцинацияның қажет екенін айтады. Дей тұрғанмен, Украинадағы вакцинация өте баяу жүріп жатыр, оны сала министрлігі де мойындады.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

– 24 ақпаннан бері Украинада екпе егу науқаны басталды. Осы күнге дейін 19 118 адамға вакцина салынды. Бұл сан біздің көңілімізден шықпайды, әрине. Елдегі екпе алудың қарқыны төмен, тәулігіне 10 мың адамға вакцина салуымыз қажет, біз қазір тек үш мың адамды қамтудамыз.

Расымен ақпан айының аяғында Украинаға тасымалданған Үндінің  AstraZeneca екпесіне тұрғындардың сенімі әлі де аз. Айталық, Черновцы өңіріндегі облыстық аурухана дәрігерлерінің бірде біреуі осы вакцинаны алуға келісім бермеген. Дей тұрғанмен, Украина билігі вирустың үшінші толқыны басталды, ал онымен күресте екпенің аса маңызды екенін айтып дабыл қағуда.

Максим Степанов, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

– Әлемнің барлық елдері сияқты бізде соңғы апта, соңғы күндері науқастар санының өскенін бақылаудамыз. Сәйкесінше, ауруханадағы төсек орындарының да жетіспеушілігі байқалады. Дүйсенбі күні ем алып жатқан адам саны 26 525 ті құрады. Сондықтан пандемияның үшінші толқыны басталды деп айтуға толық негіз бар.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Жоғарғы Рада шешімі бойынша тура бір жыл бұрын Украинада коронавируспен күрес қоры құрылған. Ол эпидемия кезінде денсаулық сақтау және әлеуметтік шығындарды қаржыландыруды көздейді. 2020 жылы коронавируспен күресте бөлінген 72 млрд гривеннің 63 млрды, яғни 90 проценті игерілген. Бір қызығы, қордағы қаражаттың басым бөлігі құрылыс жұмыстары мен жолды жөндеуге жұмсалып кеткен. Бұл ретте Зеленский жақсы жол жедел жәрдем көлігінің қызметі үшін қажет деп ақталған, дегенмен Украинадағы жедел жәрдемнің күйі нашар, көбісі ескірген, статистика бойынша олардың 67 проценті науқасқа дер кезінде жетпейді.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко