Оңтүстік Кореяда жер астындағы 60 метр тереңдікте пойыз жүретін болады

Оңтүстік Корея енді жер астында теміржол салмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүрдек пойыз Сеул мен астаналық провинция арасында жүйіткиді. Туннель салуда әлемде теңдесі жоқ технологиялар қолданылып жатыр. Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой 60 метр тереңдікке түсіп, тың жобамен танысып қайтты.

Владислав Цой, тілші:

- Сеул және провинция тұрғындарының автобус пен метроға күн сайын 2 сағат уақыты кетеді. Бұл басқа дамыған елдермен салыстырғанда шамамен 5 есе көп. Қоғамдық көліктегі ауыртпалықты азайту үшін билік GTX экспресс пойызының жобасын жасады.

Джан Чан Сок, Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі департаментінің басшысы:

- GTX – әрқайсысының ұзындығы 80 шақырым үш бұтағы бар теміржол құрылысының жобасы. Пойыз Сеулді үш серіктес қаламен байланыстырады. Туннель салынып біткен кезде Сеул мен астаналық провинция тұрғындарының шамамен 77%-і жұмысына барып-қайту кезінде өздерін жайлы сезінеді.

Оңтүстік Корея аумағы Қазақстанға қарағанда 16 есе аз, ал халқы елімізден 3 есе көп. Жер жетпейді. Қолданыстағы метро желілері жердің астымен де үстімен де өтеді. Пойыздар үлкен жылдамдықпен жүре алмайды.

Ким Чан Ён, Корея инженерлік және құрылыс технологиялары институты бөлімінің директоры:

- Экспресс маршруты жоғары жылдамдықты қамтамасыз ету үшін түзу жолмен жүреді. Ол міндетті түрде жеке аумақтан өтеді, сондықтан біз тереңдікте туннель салып жатырмыз. Біз эвакуациялау және вибрацияны азайту үшін озық технологияларды қолданамыз. Яғни технологиялар жетілген және қауіпсіз. Сонымен қатар бізде тоннель бұрғылаудағы ең озық технология бар.

Журналистерге жерасты туннелі көрсетілді. Алдымен бізді арнайы лифтпен жер астыға түсірді. Содан кейін машинамен бұрғылау әлі жүргізілмеген жерге алып келді. Туннельді салу үшін жарылғыш заттар қолданылады. Бұл жұмыс ғарыш кемесін ұшыруға ұқсайды.

Владислав Цой, тілші:

- Құрылысшылар үшін ең қиыны – өзеннің астынан туннель өткізу. Сондықтан олар су астындағы учаскеде бұрғылау және жару жұмыстарын жүргізбей, оның орнына туннель салу үшін арнайы машина пайдаланады.

Ұқсас туннель Англияда бар, бірақ Лондонда темір жол жер астынан да үстінен де өтеді. Ал Франциядағы туннельде пойыздың жылдамдығы төмен. Сеулдегі жерасты туннельдің ерекшелігі – онда 4G байланысы болады.

Янг Ён Мин, Корея теміржол корпорациясы департаментінің басшысы:

- Жеке деректердің таралуына жол бермеу үшін біз жолаушыларды қауіпсіздік мақсатында бейнебайланыс арқылы бақылаймыз. Жолаушылар Wi-Fi-ды қолдана алмайды, өйткені байланыс тек жедел пойыздың қауіпсіз қозғалысы үшін жасалады.

Жерасты туннеліндегі пойыздың максималды жылдамдығы сағатына 180 шақырымды құрайды. Маршруттың бірінші бөлігінің 10%-і салынған. Ол 2023 жылдың соңында аяқталады. Қалған екі тармақ 5-6 жылдан кейін пайда болады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян