Қазақстанда білім алып, Кореяда жұмыс істеу мүмкіндігі
Еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады.
Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің осы елге сапары барысында айтылды. +
Ведомство басшысы Оңтүстік Кореяның бірнеше қаласында болып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Корея ғылым және озық технологиялар институтында 12 мың студент оқиды. Олардың арасында 64 қазақстандық бар. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы жақтағы студенттермен кездесті. Диалог барысында министрге сұрақтар қойылып, саладағы тың жаңалықтар айтылды.
Соның ішіндегі өзектісі Қазақстанда Кореяның 50 жылдық тарихы бар ғылым және озық технологиялар институтының филиалын ашу мәселесі қаралды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Ғылым министрлігімен келіскендей КАИСТ университетінің Қазақстанда ашылуын пысықтауды бастаймыз. Арнайы жұмыс тобы құрылады. Және биыл feasibility study сол нақты іс шаралар жоспары және зерттеу жұмыстары басталып кетеді Корея тарапынан. Қазақстанның қай жерінде университеттің негізінде ме немесе бөлек бір кампус ретінде ме сондай зерттеу жұмыстары басталады.
Оңтүстік Кореядағы халық саны көп Кенги провинциясына сапар барысында Саясат Нұрбек жергілікті білім басқармасының басшысымен кездесті.
Келіссөз барысында Корей тарапы қазақстандық мұғалімдердің осы елге келіп жұмыс істеуіне қолқа салды. Себебі осы аймақта еңбек етіп жүрген жерлестеріміздің балалары жергілікті мектептерде оқиды. Олар корей тілін білмегендіктен, білім алу оңайға соқпайды.
Им Тхэ Хи, Кёнги провинциясы білім басқармасының бастығы:
- Қазақ мұғалімдері бастауыш және орта сыныптарда жұмыс істейтін болады. Олар Қазақстаннан келген оқушыларға және жергілікті балаларға қазақ және орыс тілдерін үйрете алады. Корей тілін білу міндетті емес, бірақ қазақ және корей тілдерін білетін мұғалімдерге артықшылық беріледі. Өткен жылы біз орыс тілді мұғалімдерді жұмысқа алдық.
Саясат Нұрбек корейлік әріптесімен де кездесіп, Вусон университетінде болды. Бұл жоғарғы оқу орынның филиалы Түркістанда ашылады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Корея білім беру министрлігінің қолдауымен біздің бірнеше жетекші мемлекеттік және ұлттық университеттердің негізінде кәріс тілі және әдебиеті кафедралар ашылуға қолдау беретін болды. Бірлескен зерттеулер жүргізуге және жыл сайын қазақ және корея жоғары оқу орындарының конференциянын өткізуге. Бірінші конференциямыз биыл өтеді. Біз оншақты жоғарғы оқу орынды жинап Кореяға әкелеміз.
Министрдің айтуынша, Президенттің Қазақстанда әлемнің ең үздік 5 университетінің филиалын ашу туралы тапсырмасы орындалды. Жыл соңына дейін елде әлемге танымал жоғары оқу орындарының 17 өкілдігі жұмыс істейтін болады.
Владислав Цой, Ольга Лян «24.KZ», Оңтүстік Корея