Түркияда соңғы айда коронавирустың таралуы төрт есе өсті

Түркияда коронавирус өршіп тұр. Елде соңғы тәулікте 22 мыңнан астам кісі қауіпті індетті жұқтырып, 76 науқас көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, түрік елінде 1 шілдеден бастап карантин ережелерінің жеңілдеуінен кейін COVID-19-ға шалдыққандар саны 5 мыңнан төрт есе артты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда тоғыз күндік демалыс елдегі эпидемологиялық жағдайға кері әсерін тигізді. Бұл күндерде елдің 10 млн-нан астам тұрғыны басқа қалаларға жол жүріп, індеттің өршуіне әкелді. Соңғы төрт аптада коронавирустың таралуы төрт есеге өсті. Денсаулық сақтау министрлігі халықты жаппай вакцина алуға шақырып, ескертіп отыр. Мамандардың пікірінше, жағдай осылай жалғаса берсе, елде індеттің үшінші толқыны басталып кетуі мүмкін.

Фахреттин Қожа, Денсаулық сақтау министрі:

- Коронавирусқа шалдыққандардың 87%-і екпе салдырмаған азаматтар. Ауруханада жатқан науқастардың да 95%-і вакцинациясы толық аяқталмаған кісілер. COVID-19-ға қарсы екпесі бар азаматтардың ішінде қауіпті індетті жұқтырғандар саны 5%-тен аз.

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қауіпті вирустың дені екпесі жоқ тұрғындарда анықталуда. Елде халықты жаппай вакциналау үздіксіз жүріп жатыр. Соңғы тәулікте елде 1 миллионнан астам кісі екпе алған. Дегенмен, кезегі келсе де вакцина алуға асықпағандар саны 20 миллионнан астам. Бұл ел халқының төртте бір бөлігі. Әсіресе, екпені елдің шығыс бөлігінде орналасқан провинция тұрғындары алмапты.

Ал елдің батысына қарай орналасқан аймақтар мен Анкарада бұл көрсеткіш 70%-тен жоғары. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау науқанына белгілі қоғамдық қайраткерлер мен актерлерді жұмылдырды.

Бір жыл бойы күнделікті коменданттық сағат пен демалыс күндеріне локдаун енгізген түрік билігі бұл жолғы эпидемологиялық жағдайды ұжымдық иммунитет арқылы тұрақтандыруды көздеп отыр. Қазірде елде екпенің бірінші дозасын 40 млн астам кісі қабылдаса, екінші дозасын 24 млн астам тұрғын алыпты.

Айта кетерлігі, екпе салдыру елде міндетті емес. Дегенмен, жергілікті кәсіпкерлер жабық мекендерге тек вакцинация куәлігі бар азаматтардың ғана кіргенін талап етіп отыр.