Орман өртінен кейін Түркияны сел басты

Орман өртінен кейін Түркияны сел басты

Биылғы жаз маусымы түрік елін әбден әбігерге салды.

Елдің оңтүстігінде орман өрті дес бермей тұр, ал солтүстікте үш бірдей провинцияны су басты. Салдарынан 9 кісі опат болды. 1 адам іс-түссіз жоғалды. Селдің екпіні қатты болғаны соншалық жол бойындағы көпірді жұлып кеткен. Кейбір ауданда судың деңгейі 4 метрге дейін көтеріліп, 600-ден астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір Кастамону, Синоп және Бартын провинцияларында 20 тікұшақ пен 2 ұшқышсыз ұшақ, ондаған құтқарушылар су астында қалған тұрғын үйлерден адамдарды көрші аймақтарға тасымалдап жатыр. Елдің отбасы және әлеуметтік саясат министрлігі аймаққа алғашқы жәрдем үшін 10 млн лира көмек жіберді. Қазір табиғи апаттың аймаққа нақты қаншалықты шығын келтіргені белгісіз. Жергілікті билік тұрғындарды ескертіп, үйді су басқан жағдайда шатырға шығып отыруға кеңес берді.

Сүлейман Сойлу, Түркия Ішкі Істер министрі:

– Метереология басқармасының айтуынша, жауын-шашын мөлшері 300 миллиметрден асқан.  Жалпы, жауын-шашынның 100 миллиметрден асқан жағдайда табиғи апат деп есептейміз. Қазір қарасты басқармаларымыз жолдарды қайта іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп отыр.