Украиналық компания жараланған ит-мысықтарға арба жасап шығарды

Украинада шамамен 50 мың қаңғыбас ит бар. Көшеде қараусыз жүрген жануарларды көлік қағып кету секілді оқыс оқиғалар жиі болып тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан жарақат алған төртаяқтыларға қайырымды жандар барынша көмек көрсетіп жүр. Мәселен, Киевтегі компаниялардың бірі аяқ-қолы жараланған ит-мысықтарға арнап арба жасап шығарады. Соңғы 10 жылда осындай 2 жарым мыңнан аса құрал өндірілген екен. Жануарларға жергілікті тұрғындар да көмегін аямайды. Мәселен, қаладағы отбасылардың бірі жарақат алған 40 ит-мысықты үйіне паналатқан.

Илона Крылова, Frakishtak компаниясының негізін қалаушы:

– Біз кезінде волонтер болдық. Аяқтары жоқ ит-мысықтарға көмектестік. Оларға қажетті арбаларды шетелден алдыратынбыз. Кейін ойлана келе неге соларды өзімізде шығармасқа деген идея келді. Сөйтіп арбаларды Украинада жасайтын болдық. Мұндай құралдар әр ит пен мысықтың жарақатына қарай жеке-жеке дайындалады.