Израиль мен Газа секторы арасындағы шекарада қақтығыс өршіді

Израиль мен Газа Секторы арасында жағдай қайта шиеленісіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Палестинаның мыңдаған тұрғыны шекараны бұзып өтуге тырысып, мұздай құрсанған әскерге жалаң қолмен шабуылдап жатыр. Израиль де әскерін жиып, оқ атты. Қақтығыста көптеген адам жараланған.

Шекара маңында басталған шеру майданға ұласты. Ереуілшілер дөңгелектерді өртеп, тас пен жанғыш заты бар шөлмектерді лақтырып жатыр. Израиль танктер мен жаяу әскерін аттандырып, мергендер тасадан оқ атып жатыр. Шекара маңында жедел жәрдем көліктері кезекшілік етеді. Шерушілер арасында жараланғандар көп.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, шеруді Хамас және Газа секторындағы өзге топтар ұйымдастырған. Көздеген мақсаттары – Израильді қоршауды алып тастауға көндіру және сол арқылы Газа секторына құрылыс материалдарын өткізу әрі Катар тарапынан берілетін ақшаға қол жеткізу. Өйткені араб мемлекеті палестиндіктерге елін қалпына келтіру үшін қаражат бөлуге дайын.

Фази Бархум, Газа секторындағы Хамас қозғалысының өкілі:

– Қоршауда қалған Газа секторында қолдан келгенше қарсылық көрсетіп жатырмыз. Израиль басқыншылығына қарсы тұрып, оларды талабымызға көндірдік. Бар күшімізді осы күреске жұмсаймыз.

Ал Израиль сарапшыларының пікірі басқа. Қазіргі тұста премьер-министр Нафтали Беннет Вашингтонда АҚШ әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Басты мәселе – Иранның ядролық бағдарламасы. Тегеран осы келіссөздерді үзуге тырысып, жағдайды әдейі арандатып отыр дейді сарапшылар. Ал Израиль анклавқа ақша аудару мен құрылыс материалдарын жеткізуге рұқсат берген.

Бени Ганц, Израиль қорғаныс министрі:

– Әскери тұрғыдан еш арандатушылыққа жол бермейміз. Ал саяси тұрғыдан палестиндіктермен байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз. Осы саясат аясында Газа секторының тұрғындарына қайырымдылық көмегін жеткізу мәселесін оңтайландырып, жол аштық. Бұл ақша шынымен мұқтаж адамдарға жететініне сенгіміз келеді.  

Ертең жағдай одан әрі ушығатын түрі бар. Өйткені түскі намаздан кейін мыңдаған адам осы шекара маңында тағы шеруге шықпақ. Израиль де қарап отырған жоқ. Әскердің дайындығын күшейтті. 

Сергей Ауслендер