Жарықсыз отырған Жаңа Орлеанда тонау көбейді

Луизиана штатындағы Жаңа Орлеан қаласы мен оның төңірегінде коменданттық сағат жарияланды.

Мұнда Ида дауылы ойран салып, бүкіл шаһар жарықсыз қалған еді. Қаскүнемдер бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып, ұрлық деректері көбейіп кеткен. Енді ондай оқиғаларды болдырмау үшін тұрғындарға түнде тысқа шығуға тыйым салынады. Билік электр энергиясымен қамту жүйесін алдағы уақытта қалпына келтіруге ниетті. Кейбір аудандарда тиісті жұмыстар бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Ең алдымен аурухана секілді нысандарда жарық қосылуы тиіс. Айта кеткен жөн, АҚШ-тың оңтүстік-шығысында ойран салған Ида дауылынан 4 адам көз жұмды. Өңірдің 2 миллион тұрғыны жарықсыз отыр. Одан бөлек мұнда ауыз сумен қиындық туындаған. Өйткені электр энергиясыз сорғылар жұмыс істемейді. Зардап шеккен өңірлерде адамдарды құтқару үшін ұлттық гвардияның 5 мың жауынгері тартылды.