Панджшер тәліптердің қол астына өткен жоқ – NRF

Ауғанстандағы қарсылық майданы Панджшер провинциясы тәліптердің бақылауына өтті деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін «Талибан» қозғалысының өкілдері өңірді басып алғанын жария еткен еді.

Алайда қарсы тараптың мәлімдеуінше, аймақта әлі де шайқас жалғасып жатқан көрінеді. Олар өліспей беріспейтіндерін жеткізді. Сонымен қоса қарсылық күштерінің жетекшісі Ахмад Масуд барлық тұрғынды тәліптерге қарсы тұруға шақырды. Тиісті мәлімдеме оның әлеуметтік желідегі парақшасында жария етілген. Бірақ тәліптер өңірдегі стратегиялық аймақтардың барлығы бақылауына өткенін және Ауғанстанда соғыс аяқталғанын жария етіп, өзге мәліметті келтіріп отыр. 

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының өкілі:

- Қолына қару алған кез келген азамат халық жауы саналады. Шетелдік әскердің елден шығарылуы біз үшін үлкен мақтаныш. Енді біз Ауғанстанның қауіпсіз әрі тұрақты мемлекет болғанын қалаймыз.

Айта кеткен жөн, Панджшер осы күнге дейін Ауғанстанда тәліптердің бақылауына өтпеген жалғыз провинция саналып келген. Мұнда бұрынғы вице-президент жетекшілік ететін қарсылық күштері әрекет етеді. Бұған дейін «Талибан» қозғалысының өкілдері оларға өз еркімен берілуді ұсынған. Алайда қарсы тарап оған келіспеді. Сөйтіп, бірер күн бұрын провинция қоршауға алынған еді.