Венеция билігі қалаға келген туристерден төлем алады

Бұл демалушылар санын шектеу үшін қажетті шара, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырттан келушілер арнайы билет сатып алу керек. Оған мобильді қосымша арқылы алдын ала тапсырыс беруге тура келеді. Су үстіндегі шаһар қонақтары қонбай, бір күнге ғана келіп кетсе, мұның құны 3 еуродан 10 еуроға дейін жетуі мүмкін. Бұл әрі кетсе 5 мың теңге. Ал қонақ үйде тұрақтайтын меймандар ондай төлемнен босатылады. Негізі бұл ережені пандемияға дейін енгізу жоспарланған. Енді коронавирусқа қатысты ахуалға байланысты жаңа талап не келесі жылы не 2023 жылдың жазында күшіне енеді. Демалушылардың көптігінен жалыққан кейбір тұрғындар бастаманы қолдаса, енді бірі оны құптамай отыр. Қарсы тараптың қатарында туризм секторының өкілдері де бар. Олар демалушылар санын шектеу салдарынан табысы азаюы мүмкін екенін айтады.

Марк Шибер, Германиядан келген турист:

– Қалаға кіру барлық қонақ үшін тегін болу керек. Бұл туристерден ақша табудың жаңа әдісі болса керек. Басқа шаһарлар мұндай тәжірибені қайталамай-ақ қойсын. Керегі жоқ.

Дженнифер Бургмайр, Германиядан келген турист:

– Мен биліктің бастамасын түсінемін. Қалада адам көп. Бұл тұрғындар үшін ыңғайсыз болар. Бірақ бір жағынан ол ақшасы аз демалушылар үшін қолайсыз. Негізі мұның артықшылықтары да, кемшіл тұстары да бар.