Папиллома вирусына қарсы екпе жатыр мойны обырынан қорғайды

Адамның папиллома вирусына қарсы вакцина жатыр мойны обырының пайда болу қаупін 90 процентке төмендетеді.

Бұл Британия ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесінде белгілі болды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша әйелдер мен қыздарда кездесетін қатерлі ісік ауруларының ішінде жатыр мойны обыры төртінші орында. Ғалымдар екпе мен ауру арасындағы байланысты зерттеу үшін 10 жылдан астам уақытын сарп етті. Нәтижесіне көңіл толып отыр дейді олар.

Жыл сайын жатыр мойны обырынан шамамен 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Ауруға қарсы екпенің тиімділігін британиялық ғалымдар іс жүзінде дәлелдей алды.

Lancet басылымының хабарлауынша, Ұлыбританияда жүргізілген жатыр мойны обырына қарсы вакциналау оң нәтиже беріп отыр. Бүгінде көптеген елдерде адамның папиллома вирусына қарсы вакцина мектеп оқушыларына да егіледі.

Маргарет Стэнли,  Кембридж университетінің профессоры:

– Жатыр мойны обыры мен адамның папиллома вирусын зерттеп жүргеніме 40 жылдан астам уақыт өтті. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі көңілден шығып отыр. Бүгінде аталған дертке қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алуға септігін тигізеді деп күмәнсіз айта аламыз. 

Дүниежүзілік ғалымдар жүргізген зерттеуге қарағанда  вакцинадан кейін жатыр мойны обырына шалдыққан 14 пен 16 жас аралығындағы қыздардың саны 62 процентке, ал 16 мен 18 жас аралығындағы бойжеткендер 87%-ке қысқарған. Негізінде дәрігерлер екпені кейінге қалдырмай неғұрлым ерте қабылдаған дұрыс дейді. Қазір мамандар 12 мен 13 жастағы ұл-қыздарға арналған жаңа вакцинаны зерттеуге кірісті.

 Карис Беттс, медициналық ақпарат жөніндегі менеджер:

– Бүгінде бұл вирус көптеген адамдарда кездеседі. Ауруға қарсы егілген кезде жас ерекшелігіне де мән беріледі. Адамның папиллома вирусы қатерлі ісік ауруына әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан оны жұқтырмай тұрып, вакцина қабылдаған жөн. Ұлыбританияда бұл вирусқа қарсы екпе егу бағдарламасы бір ізге қойылды.  

Қазіргі уақытта адамның папиллома вирусына қарсы вакцина әлемнің 100-ден астам елінде қолданысқа енгізілген. Алайда сарапшылар тұрмыс деңгейі төмен өңірлердегі жағдай әлі де көңіл көншітпейтінін айтады.

Маргарет Стэнли, Кембридж университетінің профессоры:

–Бүгінде әйелдердің  86% тұрмыс деңгейі төмен елдерде өмір сүреді. Әсіресе Шығыс Африка елдеріндегі жағдай мәз емес. Сондықтан Кения, Танзания, Зимбабве, Уганда сияқты мемлекеттерде жасөспірімдер міндетті түрде папиллома вирусына қарсы егілуі тиіс.

Адамның папиллома вирусының 100-ден астам түрі бар. Көбісі қауіпті емес, бірақ 30-ға жуық түрі қатерлі ісікке акеп соғады. Сондықтан мамандар  папиллома вирусының жұғуын алдын алу үшін вакцина алып, жеке бас гигиенасын сақ­тау маңызды екенін ескертеді.