Грузияның экс-президенті Саакашвили әскери госпитальға ауыстырылды

Түрмедегі ауруханада жатқан Грузияның бұрынғы басшысы Михаил Саакашвили әскери госпитальға ауыстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Саакашвили Горидағы әскери ауруханаға жеткізіле салысымен бұған дейін уәде еткендей, өзінің аштық жариялауын тоқтатқан.

53 жастағы саясаткердің айтуынша, ол мұндай әрекетке абақтыда оған сотталғандар тарапынан қысым көрсетіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен барған.

Еске сала кетейік, Грузия билігі Саакашвилиді қазанның 1-і күні муниципалдық сайлау алдында елге оралған кезде ұстаған болатын. Осыдан кейін оған қарсы қылмыстық іс қозғалып, саясткер 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ экс-президент өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп отыр.