Израиль жаңа штамнан сақтану шарасына көшті

Израиль жаңа штамнан сақтану шарасына көшті

Ковид 19-дың жаңа штаммына байланысты Израиль де шекарасын жапты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бен-Гурион әуежайы шет ел азаматтарын қабылдамайтын болды. Екі аптаға созылатын шектеу арқылы індеттен келетін қауіптің алдын алмақ

Алдағы екі аптада шетелдік азаматтар Израильге тек ерекше жағдайда және Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының рұқсатымен ғана кіре алады. Шекараны жабу туралы шешім коронавирустың жаңа штамы - омикронның таралуына баййанысты қабылданған. Жергілікті билік оның қауіптілігіне, әсіресе, адамнан адамға тез таралу мүмкіндігіне алаңдаулы.

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі

– Бұл штамм тез таралып жатыр. Израильге де жетті. Қазір індет бір адамнан анықталып, тағы 3 тұрғын тексерілуде. Жаңа штамды жұқтырғандар саны көп болуы мүмкін. Вирус Ханука мерекесінің алдында шығып, қатты алаңдатып отыр.

Израиль билігі жағдайға байланысты шұғыл әрі қатаң шаралар қабылдады. Жаңа штамды жұқтырғандармен байланысқа түскен 800 адам анықталды. Оларды бақылау құпия қызметке тапсырылды. Ал әскерилер қонақ үйлерде оқшаулау орындарын дайындап жатыр. Қызыл аймақтан оралғандардың бәрі сол жерге 1 апта карантинге жабылады. Ол жерден азаматтар екі ПТР-тесті теріс нәтиже берсе ғана жіберіледі.

Шарон Эльрои-Прайс, қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы:

– Қазір қызыл аймақтан өзге елдерден оралған азаматтардың бәрі үйлерінде 72 сағат карантинде болады. Олар елге келе салысымен ПТР-тест тапысырып, 3 күннен кейін тағы тексерістен өтуі тиіс. Егер 2 тест те теріс болса, оқшаулау тоқтатылады.

Израиль билігі төртінші толқын кезінде жіберілген қателіктерді қайталағысы келмейді. Ол кезде шекараны тез ашу дельта штамының таралуын күшейтіп, елде өлім-жітім күрт көбейіп кеткен болатын. Сондықтан ел үкіметі жаңа штамға байланысты түрлі байламға барып, локдаун енгізуге де дайын екенін жеткізді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Сергей Ауслендер