Англияда миллиондаған науқас ауруханаға жата алмай, кезек күтуде

Англияда миллиондаған адам ауруханаға жата алмай, кезегін күтіп жүр. Олардың 10 проценті 1 жылдан бері дәрігерге қарала алмай қиналып жатыр. Бұған пандемия кінәлі. Медицина қызметкерлері ковидке шалдыққандарды емдейміз деп өзге науқастарды назардан тыс қалдырып отыр.

Жолдамасы болса да ауруханаға жата алмай жүргендердің саны Англияда 6 миллионға жуықтады. Олардың шамамен әрбір жиырмасыншысы медициналық көмектің қарапайым түріне қол жеткізе алмай жүргендер. Мәселен, бір жылдан бері тізесіне немесе жамбас буынына ота жасата алмай қиналғандар көп. Бұл - өткен жылдың қараша айының соңындағы, яғни елге ковидтың Омикрон штамы кірмей тұрғандағы мәліметтер. Одан бері жағдай тіпті ушыға түсті. Тағы бір рекордтық көрсеткіш. Желтоқсан айында жедел жәрдем бөліміне түскен науқастардың 27 проценті дәрігерге қаралу үшін 4 сағаттан артық уақыт күткен.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Жағдай өте күрделі. Өйткені елде омикрон штамын жұқтыру фактілері жиілеп кетті. Әсіресе, Лондонда ауруханаға түскендер саны күрт артып отыр.

Соңғы күндері індеттің ілмегіне ілінген медицина қызметкерлері де көп. Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық денсаулық сақтау қызметінде жұмыс істейтіндердің жартысына жуығының ковид жұқтырғаны белгілі болды. Лондон ауруханаларындағы еңбекке жарамсыз ақ халаттылардың саны бір аптаның ішінде 150 процентке артқан.

Крис Хопсон, Ұлттық денсаулық қызметінің атқарушы директоры:

– Бүгінде 100 мыңдай денсаулық сақтау саласының маманы жетпей жатыр. Ауруханалардың 93,5 проценті бос емес. Әдетте жылдың бұл мезгілінде олар 89 процентке толатын. Бұл емдеу мекемелеріне шамадан тыс салмақ түсіп жатыр деген сөз.

Биліктегілердің пікірінше, Омикрон бұған дейінгі Дельта және Альфа штамдарына қарағанда әлсіздеу болып көрінгенімен арқаны кеңге салатын уақыт емес. Пандемия аяқталуға жақын деген ойдан аулақ болу керек дейді олар. Дейтұрғанымен, Англия үкіметі карантиндік шектеулерді қатаңдатуға асықпайды. Тек көпшілік орындарда маска тағуды міндеттеп, мүмкін болған жағдайда үйден жұмыс істеуге кеңес береді.

Ғалымжан Қараманұлы