COVID-19: бірқатар елде антирекорд тіркелді

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бұрын-соңды тіркелмеген көрсеткішке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін 3 миллион 777 мың адамның індетке шалдыққаны анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, коронавируспен ауырғандардың дені Америка мен Еуропа елдерінің тұрғындары.

Вакцина салдыру міндеттелді

Тұрғындардың барлығын вакцина алуға міндеттеу туралы заңды Австрияның Ұлттық кеңесі басым дауыспен қабылдады. Бұл құжат 31 қаңтарда күшіне енеді. Осылайша аталған ел Еуроодақта екпені мәжбүрлі түрде салдыратын алғашқы мемлекетке айналды. Наурызға дейін вакцина алмағандар кемі 600 еуро айыппұл төлейді. Сондай-ақ билік екпе салдырғандар арасында ұтыс ойынын ойнатпақ. Ақшалай купон 500 еуро болмақ.

Вольфгант Мюкштайн, Австрияның денсаулық сақтау министрі:

- Вакциналау, әсіресе, ревакциналау аурудың ауыр түрінен сенімді түрде қорғайды. Біз мұны жақсы білеміз. Сондықтан бұл заң бізге өте қажет. Сонда қатаң шектеулер болмайды. Бәрімізге керегі осы деп ойлаймын.

Заң жобасын талқылау қызу өтті. Оны депуттардың бәрі бірдей қолдаған жоқ. Мысалы, Бостандық партиясы Конституциялық сотқа шағымданатынын айтты.

Герберт Кикль, Бостандық партиясының басшысы:

- Вакцина алуды мінтеттеу таңдау құқығынан айырады. Адамдар бағынышты, кіріптар болып қалады. Бұл коммунизмді денсаулық сақтау саласына күштеп кіргізген сияқты әсер қалдырады.

Вакцина алмағандарға шектеу күшейіп жатыр

Германия канцлері де міндетті вакциналауды биылғы жылдың аяғына дейін енгізгісі келетінін мәлімдеді. Өйткені бұл елде ковид жұқтыру бойынша жаңа антирекорд тіркелді. Бір күнде ауырғандар саны 140 мыңнан асқан. Вакцина салдырмағандар үшін шектеулер де енгізіліп жатыр. Дәмхана мен мейрамханаға кіру үшін бустерлі доза салдырғанын айғақтайтын куәлік көрсету қажет немесе ауырып, жазылған адам болу керек.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- ‪Әлем бойынша жаппай вакциналау жүрмейінше, біз Грек әліпбиінің барлық әріптерімен аталатын жаңа штамдардан құтыла алмаспыз.

Ковид жұқтыру бойынша антирекорд тіркелді

Франция коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Елде дельта мен омикрон қатар таралып жатыр. Бір күнде 465 мың адам ковидке шалдыққан. Дегенмен вакциналаудың жоғары қарқынына байланысты ауруханаға жататын науқастар қатары азайған. Сондықтан билік 2 ақпанда жаппай бетперде кию талабын жойып, кеңседе жұмыс істеуге рұқсат бермек. Ал ақпанның ортасынан бастап түнгі клубтар мен концерттерге баруға болады. Бірақ вакциналау куәлігі көпшілік жерде талап етіледі.

Габриэль Аттал, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Егер біз ең қиын жағдайды еңсеріп шыққан болсақ, ол әрине, вакцинаның арқасы. Франция денсаулық сақтау агенттігінің мәліметі бойынша, бүгінде вирус жұқтырғандарды жансақтау бөліміне жатқызу көрсеткіші 2021 жылдың наурызына қарағанда 15 есе төмен. Бұл – халықты вакциналау ісінің арқасы. Экономикалық талдау кеңесінің соңғы зерттеуі бойынша вакцина алғандардың 13% артуы 4 мың адамның өлімі мен көптеген кісінің ауруханаға түсуінің алдын алған.

Әлемде антирекорд тіркелді

Вирус жұқтыру деңгейі бойынша антирекорд Мексика, Пәкістан мен Үндістанда да тіркелді. Соңғы күндері әлемде науқастар саны бойынша пандемия басталғалы ең жоғары көрсеткіштер тіркеліп жатыр.

Ернат Мелсұлы