Перуде жұрт жаппай шаш алдыра бастады

Перу тұрғындары экологиялық апат салдарын жою үшін шашын алдырып жатыр.

Жұрт сол арқылы мұхитты тазалайтын құрал жасауға ниетті. Бұл үшін тіпті өз шашынан бөлек үй жануарларының жүнін де қырыққан азаматтар да табылды. Алайда билік тұрғындарды ондай қадамнан аулақ болуға шақырып отыр. Өйткені оның пайдасы шамалы. Керісінше, жиналған шаштың барлығы судағы қалдықты арттырып, қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін.

Джеральдин Льянос, Лима тұрғыны:

– Мен басқа тұрғындар шашын алдырып жатқаны туралы ақпараты әлеуметтік желіден оқыдым. Сөйтіп, жұмыстан бос уақытымда мен де осылай істемесем деп ойлап, бүгін, міне, экологиялық апат салдарын жоюға өз үлесімді қосу үшін келіп отырмын.

Айта кеткен жөн, 15 қаңтарда Перу астанасы Лима маңында суға 6 мың баррель мұнай төгіліп, шикізат мұхитқа жайылып кеткен. Елде осы оқиғаға байланысты 3 айға экологиялық төтенше жағдай жарияланды. Қазір апат аймақтарында мұнайды тазалау бойынша ауқымды операция жүргізіліп жатыр.