Бірқатар елде коронавирусқа қатысты шектеу шаралары алынды

Бірқатар елде коронавирусқа қатысты шектеу шаралары алынды

Чехияда наурызда коронавирусқа қатысты шектеу шараларының барлығы дерлік алынып тасталады.

Премьер-министрдің айтуынша, келесі айдан бастап қоғамдық орындарда маска тағу талабы ғана сақталады. Елде шектеу шаралары біртіндеп жеңілдетіліп жатыр. Мәселен, осы аптадан бастап қоғамдық орындарда вакциналау сертификатын көрсетудің қажеті жоқ. Ал бірер күннен кейін мектептер мен жұмыс орындарында міндетті тестілеу талап етілмейді. Кейінгі уақытта елде вирус жұқтыру деректері азайып келеді. Ал екпе салдырған тұрғындардың үлесі 65 проценттен асады.

Петр Фиала, Чехия премьер-министрі:

– Біз сарапшылардың ауру деңгейі мен емханалардағы бос төсек орынға қатысты деректеріне сүйене отырып, шектеу шараларын алып тастау шешімін қабылдадық. Ережелер біртіндеп жеңілдетіледі. Мәселен, енді вакциналау төлқұжаты талап етілмейді. Сосын мәдени және спорттық шараларға қатысушылар санын арттырамыз.

Швецияда да коронавирусқа қатысты шектеу шараларының бәрі алынып тасталды. Өйткені халық арасындағы вакциналау көрсеткіші жоғары. Осы уақытқа дейін шведтердің 85 проценті екпе салдырған. Сол себепті корольдік тек өз азаматтары үшін ғана емес, шетелдіктерге де қойылатын талаптардан бас тартады. Жалпы, жуырда Дания да шектеу шараларын толығымен алып тастаған еді. Келесі аптада Финляндия мен Норвегия билігі де дәл осындай шара қабылдамақ.