Байден: Ресейдің әскерін әкете бастағынын әлі растай алмаймыз

«АҚШ, Ресейдің Украина маңынан әскерін әкете бастағанын әлі растаған жоқ». Джо Байден халыққа кезекті үндеуінде Украина шекарасындағы мәселеге қатысты осылай деп мәлімдеді.

Ақ үй басшысының айтуынша, Ресейдің Украинаға шабуыл жасау қаупі әлі де жоғары. Себебі, Мәскеу бұл ауданда 150 мың сарбазын шоғырландырған. Егер жағдай ушықса, АҚШ қарп қалмайды деп отыр. Бірақ Вашингтон мәселені әлі де дипломатиялық жолмен шешуге мүдделі екенін білдірді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Ресей Қорғаныс министрлігі Украина шекарасынан әскерін әкете бастағанын мәлімдеді. Бұл әрине жақсы жаңалық. Бірақ біз бұл ақпарды әлі растай алмаймыз. Себебі, біздің сарапшыларымыз Ресей тарапы әлі де сол позицияда қалып отырғанын айтады.

РЕСЕЙ КЕЙ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРІН ӘКЕТЕ БАСТАДЫ

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Украина шекарасына жақын жердегі жасақтары әскери оқу-жаттығудан кейін өз бөлімшелеріне қайтып жатқаны туралы бейнежазба жариялады. Онда Батыс және Оңтүстік әскери округтерінің бөлімшелері техникаларын кері қайтарып жатқаны көрсетілген. Бірақ Ресей Қорғаныс министрлігі ел аумағында ауқымды әскери оқу-жаттығу әлі аяқталмағанын айтып отыр. Жақында Қорғаныс министрі Сергей Шойгу  Владимир Путинге іс-шара туралы есеп беріп, шиеленіс біршама бәсеңдегенін айтты. Ал батыстың ақпарат құралдары бұл - Мәскеудің мәселені дипломатиялық жолмен шешуді жалғастыруға ниетті екенін көресетеді, деген болжап жасады.