Перуде мұнай төгілген аумақ әлі тазартылып жатыр

Перуде мұнай төгілген аумақ әлі тазартылып жатыр

Перу жағалауын мұнайдан тазарту операциясы әлі де жалғасып жатыр.

Экологиялық апаттың болғанына 1 ай өтсе де, аймақтағы жағажайлар толық тазартылған жоқ. Перу билігі Тынық мұхитына төгілген қара алтынның тек төрттен бір бөлігі ғана жиналғанын хабарлайды. Қазір апаттың салдарынан мыңдаған балықшы нәпақасыз отыр. Бұған дейін олар шамамен 113 шаршы шақырым аумақта жұмыс істеп күн көретін. Бұл шамамен Париж қаласының териториясына тең. Әдетте туристердің сүйікті жеріне айналған Анкон жағажайы да қаңырап бос тұр. Құтқарушылар 1200-ден астам өлі құстың табылғанын айтады. Олардың арасында сирек кездесетін қанаттылар бар. Естеріңізге салайық, 15 қаңтарда Перу астанасы Лима маңында суға 12 мыңға жуық баррель мұнай төгіліп, шикізат мұхитқа жайылып кеткен. Елде осы оқиғаға байланысты 3 айға экологиялық төтенше жағдай жарияланды. Апаттан келген шығын мөлшері әлі де есептеліп жатыр.