Ресейдің әскери операциясынан 1 миллионнан астам Украина азаматы елден кетті

Ресейдің әскери операциясы салдарынан бір миллионнан аса Украина азаматы елден кетті. Олардың көбі Польша, Румыния, Чехияда бас сауғалап жүр. Осы ретте Германия 100 мыңнан аса босқынды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Қазірдің өзінде Берлинге алғашқы автобустар мен пойыздар табан тірей бастады.

Украиналық босқындар мінген пойыздар Польшадан Берлиннің орталық вокзалына келіп жатыр. Бұл теміржол көлігінде 700-ден астам жолаушы бар. Олардың дені әйелдер мен балалар. Егде жастағылар да аз емес. Перронда оларды дәрігерлер, волонтерлар жылы қабақ танытып, қарсы алып жатыр. Бұдан бөлек вокзалға азық-түлік пен киім әкелген Германия азаматтары да жетерлік. Олар далада қалған украиналықтарға өз үйінен орын беруге әзір екенін айтады.    

Ванесса, волонтёр:

- Мен неліктен көмектесіп жатырмын? Жаңалықтарды үзбей көремін. Қолдан келгенше көмектесуден басқа қайран жоқ. Қазір жұмысым жоқ, сондықтан бірден волонтер болып жазылдым. Әзірге қолымнан келетіні осы ғана. Пойыздар келіп жатыр. Біз босқындарды қабылдап, баспанамен қамтып, құжат рәсімдеуге көмектесіп жатырмыз. 

Қос баласын бауырына басып, неміс жерін паналауға келгендердің бірі Елена. Оның жан жолдасы мен ағалары отан қорғаймыз деп елде қалыпты. Елена жалғыз арманым бар дейді. Ол жақындарының амандығы.   

Елена, Украина азаматы:

- Қазір Киевтегі жағдай күрделі. Жолдар, үйлер, дүкендер, тіпті перзентханалар қирады. Әуеден атқылап жатқандықтан ел көшеге шыға алмайды. Әзірше Германияда қалуды көздеп отырмыз, бірақ көп ұзамай үйге қайтқымыз келеді. Украинада ата-анамыз, бауырларымыз қалды. 

Ресми дерек бойынша Германияда 7 мыңға жуық босқын тіркелді. Сарапшылардың болжауынша, олардың саны жуық арада 100 мыңға дейін жетуі әбден мүмкін. Өйткені Украина қалаларындағы атыс тоқтар емес.

София, босқын: 

- Жолда бес күн болдық. Алдымен Словакияға, кейін Польшаға барып, ақыры Германияға жеттік. Бізге көп елдер көмектесіп жатыр. Бәріне алғысымыз шексіз. Әкем үшін уайымдаймын. Ол Украинаның ұлттық ұланында қызмет етеді. Күнде хабарласып тұруға тырысамын. Бірақ кейде телефонын көтермейді. Сол уайым еселене түседі.

Германия билігі украиналықтарды қалалар мен коммуналарда орналыстырып жатыр. Берлиннің өзі 20 мың адамды қабылдамақ. Ал олардың жүріп тұруын жеңілдету үшін Украина төлқұжаты барларға пойызда тегін жүруге рұқсат етілді. 

Елде қатынауын жеңілдету үшін Германия темір жолдары Украина төлқұжаты бар бүкіл адамдарға пойызбен тегін жүруге рұқсат берді.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский