Ташкентте 10 мың самса әзірленді

«Somsa party». Көрші ел астанасы Ташкентте ерекше шара ұйымдастырылды.

Орталық алаңда самсаның 100 түрі дайындалды. Бұрын-соңды болмаған кең дастархан жайылып, өзіндік рекорд орнады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл «Хабар 24» телеарнасының Әлем Live бағдарламасы. Біз қазір Ташкенттің Наурыз саябағында тұрмыз. Қазақстан секілді Өзбекстан да кейінгі 2 жылда пандемия салдарынан Наурызды кең көлемде атап өте алмады. Биыл карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты жағдай өзгерді. Іргелес жатқан елдермен шекарасын ашып, туристердің көбірек келуіне жағдай жасады. Шетелдік меймандарға өзбек халқының ұлттық нақыштары, әсіресе Наурыз айшықтары кеңінен көрсетілді.

Бауырлас өзбек халқы дегенде ең алдымен «сүмәләк» ойға оралады. Бұл көктем мезгілінде, Самарқанның көк тасы жібитін кезеңде қазақтың наурыз көжесі секілді әзірленетін тағам. Оны діни наным-сенімге берік, шариғат жолында жүрген қыз-келіншектер дайындайды. Қазанда қара бидайды 16 сағат қайнатады.

Ал самса – қонаққа берілетін палаудан кейінгі құрметті тағамның бірі. Оның ет, құйрық май, пияз, асқабақ, картоп және көктемде жалбыз бен жоңышқа қосып әзірлейтін түрлері де бар. Бүгін Наурыз тойында жергілікті аспаздар өзіндік рекорд орнатты. Самса тек құрамы ғана емес, түсі және көлеміне қарай да ерекшеленді. 

Лола Рахманбаева, туризм министрінің кеңесшісі:

- Самса – ұлттық асымыз. Әр аймақта әр түрлі дайындалады. Туристерге бұл өте қызықты. Гастротуризмді дамыту мемлекеттік деңгейге көтерілді. Фестиваліміз екі күнге жалғасады. 100 түрлі пеште пісіріліп жатыр. Бұрын-соңды бізде мұндай көлемде ас дайындалмаған.

Самсаның 100 түрі дайындалып, 10 мың данасы тегін таратылған шара өзбек палауынсыз да өтпеді. Ерекшелігі, оны тек ерлер әзірледі. Жалпы туыстас халықтың ер азаматтары ас дайындауда алдына жан салмайтынын байқатты. Тіпті әйелдерден де асып түсетіндері кездеседі.

Төребек Якубов, аспаз:

- 2001 жылдан бері аспазбын. Бұл да елге, жерге деген қызметтің бір түрі деп есептеймін. Бүгін 50 келі күріштен палау әзірледік. 1 жарым сағатта дайын болады.

Қазақ пен өзбектің Наурыз тойлау дәстүрі бір деуге болады. Айырмашылықтар көп емес. Бізде де, мұнда да ұлттық аспап, ойын, спорт түрлері дәріптеледі. Керісінше, Наурыз қос халықты бір-біріне жақындастырады. Жаңғыру, жаңару мерекесінде ойға оралған негізгі құндылық осы болса керек.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов