Әлемдік туризм 14 млрд доллардан айырылуы мүмкін

Әлемдік туризм 14 млрд доллардан айырылуы мүмкін

Әлемнің бірқатар елінде эпидахуал жақсарды. Соған байланысты шетелдік саяхатшылар есебінен пайда табуға үйренген мемлекеттер туристік маусымға зор үміт артқан еді. Алайда енді ғана қалпына келе бастаған индустрия жаңа қиындықтарға тап болды. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс дүниежүзілік туризм саласының дамуына тұсау салатын түрі бар. Енді туристік мемлекеттер қандай қадамға барады? 

Украинадағы шиеленіс салдарынан әлемдік туризм индустриясы 14 миллиард доллардан қағылуы мүмкін. Дүниежүзілік туризм ұйымы осылай деп болжап отыр. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, қазір Украина аспаны халықаралық сапарлар үшін жабық тұр. Көп ел Ресеймен әуе қатынасын тоқтатқан. Мемлекетке салынған шектеу шаралары тағы бар. Бұл санкциялар өзге елдерге де әсер етіп отыр. Мәселен, соның кесірінен қазір Еуропада инфляция деңгейі өршіп, тұрғындардың демалысқа ақшасы жетпей жатыр. Пандемияға дейін ресейліктер Чехияға ең көп баратын 5 ел азаматтарының қатарында болған. Алайда қазір туристік визалар берілмейді. Ал Италияның туризм секторы ресейліктердің жоқтығынан биыл 150 миллион еуродан қағылуы мүмкін.

Түркияға Ресейден 2 есе аз демалушы келуі мүмкін

Биыл Түркия Ресейден 7 миллион демалушыны күткен. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш екі есе аз болуы мүмкін деп топшылап отыр. Ал Египет билігі қазірдің өзінде туристер ағыны 40 процентке кемігенін айтады. Өйткені украиналық саяхатшылар жоқ. Ресейден де келушілер біршама азайған.

Биыл Израильде саяхатшы аз болады

Израиль билігі де биыл туристер саны бұрынғыдан аз болатынын болжайды. Өйткені мұнда демалуға келетіндердің ондығына Ресей мен Украина азаматтары кіретін. Алайда қазіргі ахуалға байланысты сарапшылар биыл олардың саны аз болады дейді. Оның үстіне бұрындары Қытайдан келетін демалушылар да көп болған. Бірақ елде қазір эпидахуал ушығып тұр. Сондықтан қытайлықтардың басқа мемлекетке шығу ережелері қатаңдатылған.

Таиланд билігі керісінше кейінгі уақытта саяхатшылар көбейгенін айтады. Оған 1 сәуірден бастап коронавирусқа қатысты шектеу шараларының алынып тасталуы себеп. Нәтижесінде өткен демалыс күндері Бангкок әуежайына келген шетелдіктер саны пандемияға дейінгі деңгейге жетуге аз қалды. Келесі аптада мұнда Сонгкран мерекесі, яғни Тай жаңа жылы атап өтіледі. Билік сол кезде шетелдіктер саны тағы да артады деп үміттеніп отыр. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева