АҚШ-та метрода жолаушыларды атқан күдікті ұсталды

АҚШ-та   метрода жолаушыларды атқан күдікті ұсталды

Нью-Йорк полициясы метрода жолаушыларды атқан күдіктіні ұстады. Қылмыскер 62 жастағы Фрэнк Джеймс есімді қара нәсілді азамат болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция оны куәгерлердің берген ақпары бойынша қолға түсірген.  Қазір оған бірқатар бап бойынша айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе Джеймс өмір бақи бас бостандығынан айырылуы  мүмкін. Еске сала кетейік, оқиға өткен сейсенбі күні Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданындағы метрода болды. Белгісіз ер адам поезд станцияға жақындай бергенде вагон ішіне түтіндегіш құтыны лақтырып, жолаушыларға оқ жаудырған. Салдарынан 23 адам жараланды.

Джеймс Эссиг, Нью-Йорк полициясының Детективті бөлімшесінің басшысы:

Қазір тергеу жүріп жатыр. Болжам бойынша, Джеймс метродағы жолаушыларды атқылаған соң басқа пойызға отырған. Келесі аялдамадан түсіп, ізін суытқан. Ол бұған дейін Нью-Йоркте 9 рет және Нью-Джерсиде 3 рет түрлі қылмыс жасап, ұсталған болатын.