Швеция қалаларында бірнеше күннен бері тәртіпсіздік болып жатыр

Швеция қалаларында бірнеше күннен бері тәртіпсіздік болып жатыр
inform.kz

Елде Пасха мерекесі кезінде ультраоңшыл топтың арандатушылық әрекетіне байланысты тәртіпсіздік тоқтамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Швецияның Линчепинг, Норчепинг, Стокгольм, Эребру, Мальме және Ландскрон қалаларында төртінші күн қатарынан қақтығыстар болып жатыр. Тәртіпсіздік иммигранттарға қарсы «Stram Kurs» партиясын басқаратын ультраоңшыл саясаткер Расмус Палуданның жұма күні мұсылмандардың қасиетті Құран кітабын көпшілік алдында өртеп жіберіп, бұл әрекетін Швецияның басқа қалаларында қайталайтынын айтқан соң басталды. Швеция полициясының хабарлауынша, «Stram Kurs»-тың 100-ге жуық қарсыласы полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, көліктерді, дөңгелектерді және қоқыс жәшіктерін өртеген. Тәртіпсіздік кезінде 16 полицей жарақаттанып, 25 адам ұсталды. Жексенбі күні сағат 23.00-де полиция Мальмё қаласы аудандарының бірінде өткен наразылық шерулерін тағы да таратуға мәжбүр болды. Бірнеше жерде өрт шығып, полиция қызметкерлеріне тас атып, петардалар мен отшашулар атылды. «Біз мұны зорлық-зомбылық көрсетілген көтеріліс деп сипаттаймыз», – деді полиция өкілі Патрик Форс. Осы арада Швециядағы толқулар халықаралық наразылық тудырды. Жергілікті Expressen газеті Ирак Сыртқы істер министрлігінің оқиғаға байланысты Швецияның Бағдадтағы елшісін шақыртқанын жазды. Ирак болған оқиғаның «ауыр зардаптары болуы мүмкін» екенін мәлімдеді.